"Бала жамбасымен келген": Талғарда жас фельдшер жүкті әйелді көлікте босандырып алды
- автор Томирис Тоныкөк
- 27 наурыз, 2025
- 4.4k

Алматы облысы Талғар аудандық жедел жәрдем бригадасының фельдшері Бақтияр Ерланұлы жұмыс кезінде күнделікті неше түрлі оқиғалар орын алатынын айтады. Жұмысқа тұрғанына 6 ай енді толған ол еш қорықпастан аяғы ауыр әйелді жедел жәрдем көлігінде босандырып алған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
«16 қаңтар күні таңғы сағат 4-те жедел жәрдем станциясына 38 апта жүктілігі бар әйел кісінің толғағы келгені жөнінде хабар келіп түсті. Бірден берілген мекенжайға барып, ананың жағдайын тексердік. Қажетті тексерісті жүргізгеннен кейін жедел түрде ауруханаға апаруға бел будық. Ауруханаға бара жатқан жолда әйел ауырсынудың күшейгенін, бала шығып келе жатқандай сезімде тұрғанын айтты. Ананың жағдайын тексергенімде баланың жамбасымен шығып келе жатқанын байқадым. Сол мезетте ойымда тек баланы аман-есен дүниеге алып келу болды. Өзіме қажетті акушерлік құралдарымыз бен стерильді заттарымызды алып, әйелді босандыруды бастадым», - деп әңгісемін естен кетпес оқиғасымен бастады.
Бақтиярдың сөзінше, әйелді босандыру оңайға соқпаған. «Негізінен бала бірінші басымен шығуы керек. Ал ол кезде жамбасымен келіп тұрғаннан кейін босандыру екі есе қиын болды» дейді. Өйткені ондай жағдайда сәби тұншығып қалуы мүмкін екен. Туындаған қиындықтарға қарамастан тәуекелге бел буған ақ халатты абзал жан мұны ешқандай ерлікке баламайды. Керісінше өзінің орнында кез-келген адам осындай қадамға барар еді деп санайды.
«Босандырып болғаннан кейін сәбидің кіндігін өлшеп кесіп, орауышқа орап, анасының кеудесіне жатқыздым. Дәл сол сәтте арқамнан ауыр жүк түскендей болды. Ана мен баланың өміріне ешқандай қауіп жоқ екеніне көз жеткізгеннен кейін әрі қарай ауруханаға жеткіздік», - дейді.
Бақтияр Фархад – Қызылорда қаласының тумасы. Өзі туып-өскен қалада медицина жоғары колледжін тәмамдап, кейін арман қуып Алматыға келген. Талғар аудандық жедел жәрдем бригадасында жарты жылдан бері қызмет етіп келеді. Өзі еңбек етіп келе жатқан ауданның науқастанған әр тұрғынына медициналық көмек көрсетуді өзінің қасиетті борышы санайды. Және қолынан келгенше халқына пайдалы болғысы келетінін айтады.
Бейбіт күннің батырына айналған Фархадтегі – үйінің үлкені, артынан ерген қарындасы бар. Перзентінің әйел адамды көлікте босандырып алғанын естігенде ата-анасы таңғалыпты. Таңғала отырып марқайғаны, тұңғышымен мақтанғаны анық. Көзінің ағы мен қарасындай болған қос құлынының бірі оза шапқанын көрген ана жүрек мейірлене түсері хақ.
Фельдшер медициналық қызметкер болуды бала кезінен армандаған. Нағашы аға-әпкелері де – дәрігерлер. Олардың ақ халаттарын, халықтан алған алғыстарын көріп, өзі де дәл осындай болғысы келетінін түсініпті. Бала арманы Бақтиярды қолтығынан демеп, келешекке жетелеп келеді. Болашақта еліміздегі алдыңғы қатарлы дәрігерлердің қатарынан көрініп, медицинаны одан әрі дамытсам деген мақсат қойыпты алдына.
Бақтияр өмірге аман-сау келуіне септігін тигізген сәбидің ата-анасы құтқарушысының құрметіне есімін «Бақтияр» деп қойыпты. «Бұл – мен үшін зор мақтаныш. Жадымда мәңгі сақталатын оқиға»,- дейді Ерланұлы.
Мұндай оқиға тек Бақтиярда ғана емес, Талғар аудандық жедел жәрдем бригадасында қызмет ететін фельдшерлердің бәрінің дерлік қиын сәтте адам жанына араша түскен ерекше оқиғалары көп. Өйткені барлығы – әмбебап. Керек кезінде акушер де, кардиолог та, реаниматолог та бола алады. Қыстың саршұнақ аязында көлік жүрмей, ауруханаға жете алмай қалғанда көлік ішінде талай жанның өмірін сақтап қалған. Сондай «өліммен арпалысқан сәтте жеңіске жету – айрықша сезім»,- дейді медицина қызметкерлері. Ақ халатты абзал жандардың күн-түн демей ететін еңбегі – баршамызға үлгі. Өзінен бұрын науқастың жағдайын уайымдайтын дәрігерлердің алдында бас исек те артық болмас.
Бақтияр ауылдық жерде жұмыс істеудің өз қиындықтары бар екенін жасырмайды. Тұрғындардан қоңырау көп түссе, барлығы жан-жаққа тарап, тек бір ғана фельдшер баруы мүмкін. Егер сол сәтте науқастың жағдайы ауыр болса ауруханаға жеткенше өліммен біраз уақыт жалғыз арпалысады. Қалалық ауруханаға ауысу жайында сұрағанымызда, Фархадтегі жақын арада ондай ойы жоқ екенін айтты. Өйткені жұмысы өзіне ұнайды әрі әріптестерімен де жақсы тіл табысып кеткен.
Бақтиярдың ата-анасы да баласының дәл осы мамандықты таңдағанына қуанады. Перзенті медициналық қызметкер болам дегенде бірден қолдаған көрінеді. Фельдшер болашақта реаниматолог дәрігер болғысы келеді, өйткені “реанимация бөліміне жағдайы өте ауыр науқастар түседі ғой, сол кісілерге өз көмегімді бергім келеді”,-дейді. Сол үшін болашақта оқуын одан әрі жалғастырмақ ниетте.