Шерзат Полаттың өлімі: алғашқы сот отырысы қашан өтетіні белгілі болды
- автор Томирис Тоныкөк
- 31 наурыз, 2025
- 145

Шерзат Полаттың ісі бойынша алғашқы сот отырысы қашан өтетіні белгілі болды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл ақпаратты жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеев растады.
Оның айтуынша, сот отырысы 10 сәуірде Талдықорған қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өтеді. Себебі, қазір күдіктілердің көпшілігі осы қаладағы уақытша ұстау изоляторында отыр.
Еске салайық, бұған дейін Талғардағы төбелес кезінде қаза тапқан Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов ұлын өлтірді деп ұсталған күдіктілердің үстінен жаңа арыз түсіріп жатқанын хабарлаған едік.
Бұл туралы жәбірленуші тараптың жаңа адвокаты Мейірман Шекеев хабарлады.
«Біз іс материалдарын зерттей келе қылмыстық іс шеңберінде азаматтық талап берілмегенін анықтадық. Бұл бойынша біз өзіміздің талабымызды дайындап жатырмыз. Оның бәрі Қаржаубай қаржылай пайда көрсін деген мақсатта жасалып отырған жоқ. Оны қамауға алынғандарға сот үкімі шыққаннан кейін олардың мерзімінен бұрын шығып кетуіне кедергі келтіру үшін жасап отырмыз», - дейді Шекеев.
Сонымен қатар, адвокат іске қатысты маңызды сұрақтарға жауап берді.
"Халық қойып жатқан басты сұрақтардың бірі – “оқиға орнында болған екі қыз қайда?”. Олар тек әлеуметтік желіде қылмыстық істің фигуранттары ретінде көрсетілген, ал қылмыстық іс материалдарына сәйкес, екеуі тек куәгер ретінде жауап берді», - дейді адвокат.