Басты жаңалықтар
Шымкентте Жеңіс күніне орай ардагерлерге қаржылай көмек көрсетіледі
- автор Томирис Тоныкөк
- 8 сәуір, 2025
- 136

ҰОС ардагерлеріне теңестірілген 166 ардагерге берілетін көмек – 45 АЕК немесе 176 940 теңге
Шымкентте ардагерлерге Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күніне орай бір реттік қаржылай әлеуметтік көмек көрсетіледі, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі қала әкімдігіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, ардагерлерге көрсетілетін көмек Шымкент қаласы мәслихатының 2024 жылғы 19 наурыздағы №14/123-VIII шешімі негізінде жүзеге асырылады.
Жеңіс күніне орай ардагерлерге мынадай көмек көрсетіледі:
- ҰОС ардагерлеріне теңестірілген 166 ардагерге берілетін көмек – 45 АЕК немесе 176 940 теңге. Қаралған жалпы сома – 29,4 млн теңге.
- ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне берілетін көмек – 1272 АЕК немесе 5 001 504 теңге. Бұл көмек 2 адамды қамтиды, жалпы сома 10,0 млн теңге.
- Тыл еңбеккерлері мен марапатталмаған ардагерлерге берілетін көмек – 15 АЕК немесе 58 980 теңге. Бұл топта 1586 адам бар, бөлінетін қаражат көлемі – 93,5 млн теңге.
- ҰОС мүгедектерінің жесірлеріне берілетін көмек – 15 АЕК немесе 58 980 теңге. 70 адам, жалпы сома – 4,1 млн теңге.
- Қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына 15 АЕК немесе 58 980 теңгеден беріледі. 170 адам, бөлінетін қаражат – 10,0 млн теңге.
Жалпы алғанда, 1994 адамға мерекеге орай берілетін бір реттік әлеуметтік көмектің жалпы сомасы 147,1 млн теңгені құрайды.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай ҰОС ардагерлеріне 5 млн теңге көлемінде біржолғы материалдық көмек көрсету жоспарланып отырғанын хабарлаған болатын.