«Анама ауыр тиді»: Қаржаубай Нұрымов Айтымнан неге бас тартқанын түсіндірді
- автор kyn.kz
- 12 сәуір, 2025
- 3.4k

Марқұм Шерзат Болаттың әкесі көпшілік көкейіндегі сұрақтарға жауап берді. Ол алғаш рет Айтым Нүкеновпен байланысты неге үзгенінің себебін айтты, деп жазды KYN.KZ тілшісі.
«Мен оған анама, Шерзаттың анасына абайлап сөйлеуді түсіндіргенмін. Әйел кісілер анау-мынау сөздерді көтере алмайды. Олардың ойлау жүйесі де бөлек деген болатынмын. Ол оны құлағына ілмеді. Мысалы, Нұрғанатты асылып өлді деп бірден айтты. Ол кезде тергеу де ешқандай құзырлы орган анықтама берген жоқ болатын. Ол анама қатты тиді»,-деді Қаржаубай Нұрымов.
Айтым Нүкенов Қаржаубайдың отбасына белгілі азаматтар пәтер сыйламақшы деген ақпарат айтқан көрінеді. Бірақ, баласынан айырылған отбасы ешкімнен үй алмағанын айтты.
«Үй туралы айтылды. Іс жүзінде ештеңе істелмеді. Осы кезге дейін пәтер жалдап тұрдым. Қазір әке-шешемнің үйіне көшіп келдім. Басында бала-шаға амандығы үшін, бауырларымның амандығы үшін басқа елге көшуді ойладым. Бірақ мен қазақпын ғой? Қазақстаннан басқа қайда барамын?», -дейді Қаржаубай Нұрымов.
Баласынан айырылған Қаржаубай сотталушылардың мүмкіндіктері жоғары екеніне сенімді.
"Мысалы мен өзім қамалып көрдім. Отбасыма, анама хабарласуға рұқсат ала алмайтынмын. Ал, шерзаттың ісі бойынша күдіктілер түрмедегі өмірлерін видеоға түсіріп отыр. ол таза дәлелді жағдай",-деді Қаржаубай Нұрымов.