Маңғыстау облысында 11 сынып оқушысы түсініксіз жағдайда көз жұмды: 20 жастағы күдікті ұсталды
- автор Томирис Тоныкөк
- 13 сәуір, 2025
- 277

Маңғыстау облысында 17 жастағы жасөспірім түсініксіз жағдайда көз жұмды. Марқұмның туыстарының йтуларынша, оның денесінде соққы іздері болған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Lada.kz порталына сілтеме жасап.
Оқиға туралы Маңғыстау облысы кеңесші заңгерлер палатасының мүшесі Ажар Әбділ өзінің Facebook-тегі парақшасында жазған.
"Жерлеу алдында жігіттің ата-анасы бұл жерде бір гәп бар екенін түсініп, оның денесін Ақтауға сот-мед сараптама жасауға жіберді. Олар алдын ала тексеріс барысында ұлы кісі қолынан қаза тапқанын айтты. Енді сұрақ: бұл іс тіркелген бе?", - деп жазды ол.
Заңгердің жазуынша, бұл туралы марқұмның туыстары мәлім еткен. Ол достарымен қыдыруға шыққан. Алайда Құлап қалды деп денесін достары әкелген. Бірақ қайтыс болған жігіттің ағасы оның денесінде көгерген іздер болғанын байқаған. Сол себепті Ақтауға экспертизаға жіберіпті. Артынша марқұмның туыстары достарын жинап алып, олардан не болғанын сұраған. Оның достары ауылда жастарды уысында ұстайтын "старшактар" бар екенін, олар жігіттерді бір қатарға тұрғызып қойып, әрқайсысын кезекпен ұра бастағанын айтқан. Бір соққыдан соң марқұм құлап түскенін айтқан. Достары оны медбикеге әкелген, ол оның көз жұмғанын айтқан.
Марқұм Сағындық отбасындағы жалғыз бала болған. 11 сыныпта оқып, химия-биология бағыты бойынша оқуға тапсыруға дайындалып жүрген.
Марқұмның немере ағасы Сәкен Қуанышбеков оның әкесінен ақша алып кеткенін айтады.
"8 сәуірде сағат кешкі 21:00 шамасында ол әкесінен ақша алып, үйден шығып кеткен. Бір жаққа барып келу керек депті. Сағат 23:30-дардан кейін достары оның денесін әкелді. Біздің басты талап - кінәлі адамды тапса екен. Бұл кісі қолынан болған өлім, оны қатты ұрған. Достарымен арадағы жазысқан хаттар, чаттар өшіріліп, тазартылған. Менің інімнің телефонын ғана аша алмапты. Онда бәрі сақталған. Медициналық сараптама нәтижелері дайын емес, біз өлімге не себеп болғанын нақты білу үшін күтіп отырмыз", - деп баяндады ол.
Тағы бір немере ағасы Амангелді Қуанышбековтың айтуынша, Сағындық спортпен айналысатын, шымыр бала болған.
Басылымға өңірлік полиция күдікті ретінде оның ауылдасы, 20 жастағы жігіттің ұсталғанын хабарлаған. Оған қатысты ҚР ҚК 196-бабы бойынша (адам өліміне әкелген денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) қылмыстық іс қозғалған.