«Жартылай бас сүйек – 600 доллар»: адам сүйектерін сатқан 52 жастағы әйел ұсталды
- автор Томирис Тоныкөк
- 13 сәуір, 2025
- 494

АҚШ-тың Флорида штатында 52 жастағы әйел интернет арқылы адам сүйектерін заңсыз сатты деген күдікпен ұсталды. Бұл Fox News телеарнасы жариялады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Ол адам сүйектерінің әртүрлі бөліктерін сататынын интернетте жариялап отырған. Мысалы, ол екі бас сүйек бөлігін 90 доллар деп жазған. Жауырын мен бұғананы да осы бағаға қойған. Ал қабырға мен омыртқаның құны 35 доллар болған. Жартылай бас сүйек үшін ең қымбат баға сұраған – 600 доллар.
Бұл хабарландырудан күдіктенген құқық қорғау органдары тексеру жүргізген. Нәтижесінде кейбір сүйектердің тарихи құндылығы жоғары екені анықталды.
«Мамандардың айтуынша, кейбір бас сүйектер мен олардың фрагменттері археологиялық жәдігерлер болып табылады, олардың жасы 100 жылдан 500 жылдан астам уақытты құрауы мүмкін», — дейді телеарна.
Ал адам сүйектерін жарнамалап, мәдени маңызға ие заттардан пайда табуға тырысқаны үшін әйелге қатаң жаза тағайындалуы мүмкін.