Шымкент әкімдігі жайлы желідегі посттарға лайк баспаған қызметкерлер қысым көруде
- автор kyn.kz
- 17 сәуір, 2025
- 341

Шымкенттегі "Жастар ресурстық орталығының" қызметкерлері желідегі посттар үшін қысымға ұшырап, қудаланып, ресми ескертулер мен сөгістер сынды жаза түрлерін алып жатқандарын айтты.
"Бәленің бәрі Шымкенттен шығады деуге аузым бармайды. Бірақ мына сорақылық солай айтуға мәжбүрлеп тұр.
Шымкенттегі “Жастар ресурстық орталығының” басшысы әлеуметтік желідегі “акиматовский” жазбаларға лайк баспаған қызметкерлерін жаппай жазалай бастапты. Тіпті лүпіл қоймағандарды тізімдеп, жиналыста жұрттың көзінше масқаралайтын көрінеді. Жиналысқа салғаны былай тұрсын, бұйрық шығарып ресми түрде “ескерту” жасалыпты.
Лайк басу, баспау әркімнің өз шаруасы. Қинап, қыстауға ешкімнің қақысы жоқ. Бұрын осындай жұмыстарға мұғалімдерді жегуші еді. Енді әлеуметтік желінің тілін түсінетін жастарды “лайкшыл” жасауда. Лайкқа лайық жазбаны жұрт онсызда оқиды, таратады, бөліседі. Шымкенттегі шолақбелсенділерге соны жеткізіңдерші халайық",-деп жазды журналист Диас Нұрақын.
Мұндай қысым мен кедергіден кейін кей қызметкерлердің жүйкесі сыр беріп, денсаулығы нашарлаған. Бүгін ғана осындай қысымға шыдай алмаған орталық қызметкерінің бірі есінен танып, жедел-жәрдем шақыруға тура келген. Алғашқы медициналық көмек көрсетілген. Бұл туралы Азат Дидарбек фейсбук желісіне жазды.
“Шымкент қалалық “Жастар ресурстық орталығында” береке қашты. Жастар орталығы өзінің ішіндегі қызметкерлерін қудалап, лайк баспаса, қысымға алып, ескерту жасап жатқаны жайлы қызметкерлер редакциямызға шығып жатыр.Жастар орталығы қаламыздың жастар мәселесін шешеді дегенге сеніңкіремейтін едік, енді лайк басқан-баспаған қызметкерлерін тізіп, тексеріп, өздері хатта жазғандай тырнақша ішіндегі “ескерту” жасап, жұмыс жасауына кедергі келтіріп жүрсе, оңбайды..”- деп жазды.
“Жастар мәселесін шешеміз” деп құрылған мекеме енді “жастарды емес, жастармен жұмыс істейтіндерді” бақылауға көшкен бе деген заңды сауал туындайды.
“Бұлай жалғаса берсе, арты жақсы болмайтыны анық! Жастардың мәселесімен емес, мәселе көтерген жастармен айналысатын орталықтың басшысы қызметін асыра пайдаланып жүр ме екен?- дейді Азат Дидарбек.
Енді сөгіс алған мамандар қала басшысынан көмек күтетіндерін айтыпты.