Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

«Шерзаттың аузы мен арқасынан қан ағып жатты»: Шерзат Болаттың әкесі сотта ұлының қандай күйде болғанын айтты

«Шерзаттың аузы мен арқасынан қан ағып жатты»: Шерзат Болаттың әкесі сотта ұлының қандай күйде болғанын айтты
Сурет: ҚР Жоғарғы соты
Қаржаубай Нұрымов сол түні төбелестің неден және қалай басталғанын баяндап берді

Шерзат Болаттың қазасына қатысты сот отырысында әкесі Қаржаубай Нұрымовтан жауап алынып жатыр, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі. 

Қаржаубай Нұрымов сол күні қайғылы жағдайдың қалай болғанын айтты. Сөзінше, дүкеннің жұмыс істеп тұрғанына 2 ай болған. Дүкен түнгі сағат 23:00-ге дейін, кейде түнгі сағат 1-2-ге дейін істеген.

“Сол күні кешке 21:00-22:00 арасында дүкенде отырдым. Әскентай Дарханмен екеуміздің арамызда ұрыс-керіс болған жоқ. Ол сыра сұрады. Мен сағат 23:00-ден кейін сыра сатпаймыз дедім. Кейін өтініш жасаған соң бердім. Ол маған түбіртекті Whats’App арқылы көрсетті. Сосын ақшаны кімнен түскенін көрсетіп, екеуміз келістік. Тыныш қана кетті”, – дейді Нұрымов. 

Айтуынша, сол аралықта Дархан Әскентай мен Шерзат екеуінің арасында кикілжің туған. Бірақ Қаржаубай ұлы үшін кешірім сұрағанымен, ол жігіттерді шақыратынын айтқан.

“Сол аралықта Шерзат келді. Ол қуаттағышын дүкенде қалдырып кетіпті. Одан дүкенде неге жүргенін сұрағанымда досы Ахметті шығарып салатынын айтты. Сол кезде Дархан маған бір-екі дөрекі сөздер айтқан. Оны балам дұрыс түсінбей қалған. Шерзат оның соңынан кетті. Терезе ашық тұрған соң дауыстары естіліп тұрды. Екеуінің арасында дөрекі сөздер болып жатыр екен. Сыртқа шығып, баламды ұстап, Дарханның бетін жуып, кешірім сұрадым. Ол маған, “кешірмеймін, балаң жауап береді, денсаулығын қойып тастайды” деп айтты. Ол жігіттерді шақырамын деді. Дархан дүкеннің артына кетті. Мен үйге хабарласып, Нұрқанатты шақырдым”, – дейді Қаржаубай. 

Марқұмның әкесінің айтуынша, сотталушылар дүкенге келіп, оған “Хутор” бандасынан екенін ескерткен.  

“Нұрбол деген адамды шақырды. Нұрбол мас екен, жанында кәмелет жасына толмаған бала болды. Ол келіп сөйлесті. Балама кесірін тимесін деп, “мен ұрдым” дедім. Олар “бізді білмейсіңдер ме, “Хутор” бандасының баласымыз деп айтты. Олар Дархан жетім бала, неге ұрасыңдар, деп айтты. Сосын тыныш кеткен. Бір уақытта қайта келді. Нұрбол төлем жасап, кассаның ішіне өтіп кетті. Менімен дөрекі сөйлесті. Нұрболға жаман сөз айтқаным жоқ. Дүкенде тұрған, май кесетін пышақты алып шықтым. Дархан Нұрболға дұрыс емес ақпарат айтып тұр. Ол “сыра ішіп тұрсам, жас бала өзімен өзі ұрды” деп айтты. Балам “папа болды қойыңыз” деген соң пышақты ішке апарып қойдым. Жасөспірім балаға бәрін түсіндірдім. Ол бәрін түсіндіріп айтты. Сосын олар кетіп қалды. Көлік тұрағына сарғыш түсті Hyundaі Accent көлігі, Golf, Mercedes және Chance көлігі келді. Бірінші Равиль келді. Нұрбол, Дархан және жасөспірім кеткен соң өзіміз дүкенде жағдайды талқылап, баламды көлікке мінгізіп, үйге қайтарып жібердім. Дидар деген жасөспірім төбелес ішінде болды, бірақ нақты қандай іс-әрекет жасағанын айта алмаймын. Бұрын Нұрқанат пен Равильдің арасында төбелес болған екен. Көкпарда олар салық салып, Нұрқанатты ұрып кеткен екен. Сосын ол мәселені өзара шешкен екен”, – дейді Нұрымов. 

Қаржаубай Нұрымовтың сөзінше, дүкенді жабатынын ескерткен, алайда төбелес басталып кеткен.

«Жігіттер шығыңдар дүкенді жабамын деген едім, соққы тиді, Ахметтің дауысы шықты. Мен пышақ алып шықтым. Себебі, олар “Хуторскиймыз” деген соң, шошып қалдық. Себебі олар сөзге келмейді, бірден өлтіріп кетеді. Есікке жақындаған кезде екі қызбен бірге жақындап келді. Мен шыға бергенде Азамат тепті. Шыңғыс пышағын шығарды. Шыға бергенде Дархан ішіп тұрған бөтелкесімен бетімнен ұрды. Есеңгірегенде Азамат жауырынымнан ұрды. Шыңғыс соңымнан қуып келіп, пышақпен жауырынымнан ұрды. Сол кезде мылтықтың дауысы шықты. Сол сәтте жас балаларға қашыңдар дедім. Бір қарасам Нұрқанат Ахметті төбелестің арасынан шығара алмай жатыр екен. Сол сәтте Шерзат Нұрбол және Нұрқияспен төбелесіп жүр екен. Бірақ Абзалдың пышақ тығып алғанын көрмей қалдым. Шерзат қуыстан жүгіріп келгенде Нұрқияс Ахметті ұрып жатты. Мен екеуінде ғана пышақ бар екен деп ойладым. Қарасам Нұрқияс пен Абзал Шерзаттың анасының қолынан ұстап тұр екен. Мен шегінген кезде Шыңғыс пен Азамат Шерзатқа қарай жүгірді. Ол кезде Шерзат айқайлады “папа, Нұрқанат аға, маған бірдеңе тығып алды” деп айқайлады. Сөйтсем пышақ тығып алыпты. Бір уақытта Шерзат құлады. Сол кезде Нұрқияс мылтықпен ұрған. Ал балам сол кезде сөйлеп жатқан. Ал әйелім баламызды қорғап, ұрғызбай жатты. Өтінемін ұрмаңыздаршы, деп сұрады. Шерзат анасына “бірдеңе тығып алды, ауырып тұр” деп сөйлеп жатты балам. Соған қарамай Нұрқияс арқасынан ұрды. Алғаш пышақ шығарған Азамат пен Шыңғыс. Маған Нұрболдың қалтасын қайта-қайта ұстап тұрғаны күдікті көрінді. Ол кезде ес түссіз қалып қойдым. Екеуін өлтіріп тастады деп ойладым. Көршілер шыққан кезде балалар қаша бастады. Көлікті оталдырып келіп қарасам, жүрек қағысы болды. Көлікке жалғыз өзім салдым. Екеуі де қансырап жатты. Нұрқанаттың арқасына, Шерзаттың аузы мен арқасынан қан ағып жатты”, – деді марқұмның әкесі. 

 

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар