«Мазақ қылған»: Баласы буллингке ұшыраған ана блогер Daricorn-ды сотқа берді
- автор Томирис Тоныкөк
- 18 сәуір, 2025
- 100

Қазақстандықтарға Daricorn лақап атымен танымал блогер Дариға Нұркееваның басы дауға қалды. Оған былтыр жазда тоғыз жасар баланың қатысуымен түсірілген видео себеп болған. Әлеуметтік желіде бейнеүндеу жариялаған баланың анасы Ольга Колузанованың айтуынша, ұлы осы видеодан кейін буллингке ұшырап, психикалық денсаулығына зиян келген, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Azattyq Rýhy. сайтына сілтеме жасап.
Daricorn өткен жылы жазда Qatty Tatty дәмхана желісінің жарнамасы үшін видео түсірген. Блогер көшеде кетіп бара жатқан екі кішкентай баланы тоқтатып, біреуінен «сүйікті тамағың қандай?» деп сұраған. Осы кезде тоғыз жасар ұл бала «пицца» деп жауап береді, бірақ видеоны монтаждағанда субтитрға мүлде басқа ұятсыз сөз жазып қойған. Желі қолданушылары осы видеоның астына неше түрлі балағат, ауыр сөздер жазып, әлгі баланы мазақ қылған.
Баланың анасы Ольга Колузанованың айтуынша, ұлы тіпті мектепте, футбол секциясы мен ауладағы достары тарапынан буллингке ұшыраған. Оқу үлгерімі төмендеп кеткен. Дәмхана басшылығы видео астына жазылған баланың психикалық денсаулығына зиян келтіретін пікірлерді көре тұра, бейнематериалды желіден өшіріп тастауға асықпаған.
«Елімізде буллингтің кесірінен, өкінішке қарай, суицидке де барып жатады. Әртүрлі ауыр жағдайлармен аяқталуы мүмкін. Сол себепті балаларға қатысты дүниені желіге жарияламас бұрын дұрыстап ойлану керек. Бірінші инстанциядағы сот шешімімен Qatty Tatty дәмхана желісі менің ұлыма 500 мың теңге моральдық шығын төлеуге, заңгерге жұмсалған шығындарды өтеуге және көпшілік алдында кешірім сұрауға міндеттелді. Бірақ дәмхана апелляцияға беріп отыр. Олар кешіріммен де, шығын мөлшерімен де, заңгер қызметіне кеткен ақшаның сомасымен де келіспейді», - дейді оқушының анасы.
Желіде шу болған бұл іске Оқу-ағарту министрлігінің балалардың құқықтарын қорғау комитеті араласты. Министрлік өкілдері баланың құқықтарын қорғау үшін сотқа қатысуға дайын екенін мәлімдеген.
«Әлеуметтік желіде интернетте баласының құқықтары бұзылғанын мәлімдеген ананың видеоүндеуі тарады. Бұл — танымал блогерлердің бірі жариялаған, кәмелетке толмаған баланың қатысуымен түсірілген бейнематериал. Осы жағдай бойынша Балалардың құқықтарын қорғау комитеті жедел шаралар қабылдады. Комитет төрағасы Насымжан Оспанова баланың анасымен тікелей байланысқа шығып, жан-жақты көмек көрсету ұсынылды — психологиялық және заңгерлік көмек қарастырылды. Қажет болған жағдайда Комитет баланың құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін ресми түрде сот процесіне қатысуға дайын», - делінген хабарламада.
Комитет Азаматтық кодекстің 145-бабына сәйкес, кез келген адамның, соның ішінде баланың бейнесін жариялау тек оның немесе заңды өкілінің келісімімен ғана жүзеге асырылатынын атап өтті. Сондай-ақ, «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заңға сәйкес, баланың бейнесі шектеулі қолжетімді дербес деректерге жатады және заңмен қорғалады.
Комитет барлық блогерді, инфлюенсерлерді және медиа саласының қатысушыларын балалардың құқықтарын сақтауға және қолданыстағы заңнаманы қатаң ұстануға шақырады.
«Адамның ниеті жақсы болса да, балалар қатысқан контентті жариялау олардың психологиялық жай-күйіне теріс әсер етіп, құқықтық жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Әрбір баланың құқығы — құрметке, қорғауға және қауіпсіздікке ие болу. Бұл құқықтар шынайы өмірде де, цифрлық кеңістікте де қамтамасыз етілуі тиіс», - дейді олар.