СҚО-да су тасқыны: ауыл тұрғындары қауіпсіз жерге көшіріліп жатыр
- автор Томирис Тоныкөк
- 25 сәуір, 2025
- 1

СҚО Қызылжар ауданы Тепличное ауылының тұрғындарын Есіл өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне орай эвакуациялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. 25 сәуір сағат 14:00-дегі жағдай бойынша өзендегі су бірнеше сантиметрге дейін көтерілген, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі облыс әкімдігінің ресми Telegram-арнасына сілтеме жасап.
"Азаматтардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Кызылжар ауданының Тепличное ауылында алдын ала эвакуация жүргізу туралы шешім қабылданды. Эвакуация 25 сәуір күні сағат 15:00-ден 18:00-ге дейін жүргізіледі. Көлікпен тасымалдауға мұқтаж тұрғындар үшін арнайы көлік және жедел жәрдем қызметтері ұйымдастырылады", - делінген хабарламада.
Сонымен бірге қосымша ақпарат алғысы келетіндер +7 7153 821 201 нөміріне хабарласуына болады. Уақытша орналастыру үшін эвакуациялық пункттер әзірленген.
Олар - Бескөл ауылындағы №2 орта мектеп пен Петропавлдағы Жұмабаев көшесі, 142 мекенжайындағы жатақхана.
“Оқиға орнында ТЖ қызметтері, жергілікті атқарушы органдар және басқа да жедел қызметтер жұмыс істеп жатыр. Барша тұрғынды сабыр сақтап, жедел қызметтердің нұсқауларын қатаң сақтауға шақырамыз. Тепличное ауылындағы бөгетті нығайту жұмыстары жалғасып жатыр", - делінген хабарламада.