"Ішінен құрт шығады": Жамбыл облысында екі ауылдың жұрты он жылдан бері ауыз суға жарымай отыр (видео)
- автор kyn.kz
- 26 сәуір, 2025
- 103

Жамбыл облысында екі ауылдың жұрты 10 жылдан бері ауыз суға жарымай отыр. Жайылма мен Маятас тұрғындары бір құдыққа телмірумен өміріміз өтіп жатыр дейді. Бір-екі сағатқа ғана ағатын тіршілік нәріне бір күн бұрын келіп кезекке тұратын көрінеді. 3 мыңнан аса тұрғыны бар елдімекендерге "Астана" тілшісі барып қайтты.
Жайылма ауылының жұрты күнде ауыз суға кезекке тұрады. Кейде кезек келмей жатып, су тоқтап қалатын көрінеді. Үлгермегендері үй-үйді аралап, көрші жағалап, суды сұрап аламыз дейді. Орталықтандырылған су желісі бұл елдімекенге кеңес кезінде тартылған. Алайда шіріген құбырларға 2008 жылы толықтай жөндеу жүргізілген. Оның да тозығы жетіп 50-60 пайызға ескіріпті. Қос ауылға ортақ су мұнарасы қойылған, бірақ тұрғындар бір-екі сағатқа ғана берілетін тіршілік нәрі таза емес деп отыр. Сапасына сан мәрте шағым айтсақ та елеп жатқан ешкім жоқ дейді.
"Түрі кейде сарғайып кетеді. Өйткені бұрын құбырлар баяғыда жүргізілген. Судың ішінен құрт шығады. Судың асты, құртылған шелектің түбі тат болады", - дейді Жайылма ауылының тұрғыны Оразкүл Қосауова.
"Суды ала алмаймыз. Қыстыгүні кішкене ағады, жаздыгүні ананың астынан шелекпен тартып, біреуміз астына түсеміз. Құдықтың ішіне түсіп аламыз. Үлгерсек үлгердік, үлгермесек сусыз қаламыз. Ащы судан ішеміз. Ащы судан, тұздан денсаулығымыз кетіп жатыр", - дейді ауылдың өзге тұрғыны Мираш Молтаева.
Мәселені шешу үшін биыл облысқа өтінім берілген. Ол болмаса, аудандық бюджеттен қаражат бөліп, әзірге ұңғыма қазып береміз дейді аудан әкімі.
"Қазір бұл ауыл бір ұңғымадан су ішіп отыр. Өзіміздің жергілікті бюджеттен қаржы қарап, екінші ұңғыма жұмыстарына қаржы қарадық, қазір. Екінші ұңғыма қазу арқылы, екі ауылға екі ұңғымамен су беру жоспарда бар", - дейді Сарысу ауданының әкімі Сәкен Мамытов.
Жұрт бұған сенерін де, сенбесін де білмей отыр. Бірақ, оларға су керек.