Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

“Жамбасы мен арқасы көгеріп келген”: Қызылордада тәрбиеші аутизмге шалдыққан балаға қол көтерген

“Жамбасы мен арқасы көгеріп келген”: Қызылордада тәрбиеші аутизмге шалдыққан балаға қол көтерген
Сурет: видеодан скриншот
Балабақша тәрбиешісі ерекше балаға қорлық көрсеткен

Қызылордадағы жекеменшік “Жас ұрпақ” балабақшасында тәрбиешісі ерекше балаға қол көтерген. Тіпті аутизмге шалдыққан бүлдіршінге тамақ бермей, қорлық көрсеткен, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі “Информбюро”бағдарламасына сілтеме жасап.

Ал басқа ата-аналар орталыққа баратын балаларымыздың денесі көгеріп, бет-ауызы жара болып келеді деп шағымданып отыр. Айтуларынша қызметкерлер науқас балаларға күш көрсетіп, дұрыс тамақтандырмайды. Қазір шу шыққан бөбекжай мамандарына қатысты полиция тергеу жүргізіп жатыр.

Бейнежазба камераларға түсіп қалған. 5 жасар Әлихан Аманбай мазасынданып, қозғала бастайды. Бұған ашуланған қызметкер бүлдіршінді көтеріп алып жерге тастай салан. Әлиханның анасы аутизмге шалдыққан балама қатыгездік танытқан тәрбиеші түк болмағандай ұйықтап қалған деп отыр.

"Камераны ашқан кезде тәрбиешінің баланы алып, жерге лақтырғанын көремін. Артынан тағы соққы берген. Балаға ешқандай көмек көрсетпеген. Тәрбиешілер әрі қарай ұйықтап жатыр. Баланың мұрыны қанап жатыр. Оны шалқасынан жатқызып, ұйықтатып тастаған. Қан миға кетіп қалса, өліп кетуі де мүмкін ғой”, – дейді Қызылорда қаласының тұрғыны Ұлболсын Мүслім.

Бұл жағдайдан кейін өзге де ата-аналар полицияға шағым түсірген. Айтуларынша әртүрлі диагнозы бар басқа бүлдіршіндердің де бұған дейін балабақшадан денелері көгеріп, тіпті бірінің қолы сынып келген екен. Сондықтан ата-аналар қатал қызметкерлер ерекше балаларымызды ұрып-соғуы әбден мүмкін деп отыр. 

"Менің баламның бірде білегі, тізесі, одан соң жамбасы мен арқасы көгеріп келді. Бірақ тәрбиешілер баланың өзі құлады деп жүрді. Біз мына жағдайдан кейін оған сенбейміз. Мүмкін өздері ұрған шығар. Оның үстіне тек біз бір ғана видеоны көріп отырмыз. Тіпті дұрыс тамақ бермегендіктен балаларымыз үйге аш болып келеді”, – дейді Қызылорда қаласының тұрғыны Динара Қалиева.

Ата-аналар балаларға астың тым аз мөлшерде берілетінін де бейнекамераға жазылған видеодан көрген. Онда сегіз бүлдіршінге бар-жоғы үш тарелка тамақ қойылып, ал тәрбиешілердің телефонға телміріп отырғанын көрген. Ал балабақша басшысы қызметкердің 5 жасар Әлиханға күш көрсеткенін растағанымен, ас мәзірі талапқа сай деп ақталады.

"Негізі осындай жағдай бірінші рет болып жатыр. Біз қалай білдік, бүкіл органдарға камераның жазбаларын ұсындық. Біздің тарабымыздан барлығы адал жасалды. Ол видеода столдың үстінде қасықтары да жоқ, тек үш тарелка тұр. Демек, ата-аналар  патноспен тасып жатқан кезін көрген. Дәл сол сәтті толық көрсетейін десем, жарық өшіп қалды”, – дейді “Жас ұрпақ” коррекциялық орталығының меңгерушісі Раушан Пірімжанова.

Меңгеруші өзге ата-аналардың балаларымызды ұрды деген шағымын жоққа шығарады. Ал Әлиханға күш көрсеткен тәрбиеші мен оның көмекшісі жұмыстан қуылған екен. Қазір полиция “кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу міндеттерін орындамау” бабымен іс қозғады.

 

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар