Қуат Хамитов: «Бір емес, екінші жекпе-жегім өтпейін деп отыр» (ВИДЕО)
- автор Томирис Тоныкөк
- 4 мамыр, 2025
- 45

«Найман» лақап атымен танымал аралас жекпе-жек шебері Қуат Хамитов желідегі парақшасында мәлімдеме жасады. Айтуынша, оның саяси көзқарасы үшін жекпе-жектен шеттетіп жатқан көрінеді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы спортшының өзі Instagram-да оқырмандарына айтты.
«Ассалаумағалейкүм, жігіттер! Қысқасы, «Қуат, келесі жекпе-жегің қашан?» деген сұрақтарды қоймай-ақ қойсаңыздар болатын сияқты. Өйткені бір емес, екінші жекпе-жегім өтпейін деп отыр. Астанадағы ақпанда өтуі керек жекпе-жегім саяси көзқарасыма байланысты өтпей қалды. Екінші жекпе-жегім бойынша… үкіметке тағы бірдеңем ұнамай қалған. Сондықтан көп жігіт «Қуат деген хайп үшін істеп жүр, айтқан шындықтарының бәрін өзіне жарнама ретінде жасап жүр» деп айтып жүр еді. Жарнама ондай болмайды, жігіттер. Менің бүкіл шындықты айтқан сөздерімнің кесірі бұрыннан, «Ескі Қазақстаннан» бері тиіп, зардабын шегіп келе жатырмын», – деді ол.
Сонымен қатар, Қуат Хамитов алдағы 27 мамыр күнгі жекпе-жегі өтпейтінін айтты.
«Міне, 27 мамыр күнгі жекпе-жегім де болмайтын сияқты. Бұл мені сындырмайды. Маған не істесе де, шындықты айтуға және халықпен бірге болуға дайынмын», – деді Хамитов.
Қуат Хамитов — Қазақстанның танымал аралас жекпе-жек (MMA) шебері, үш дүркін әлем чемпионы және қоғам белсендісі. «Найман» лақап атымен танымал, ол еліміздегі ең ықпалды спортшылардың бірі.