2027 жылғы дзюдодан әлем чемпионатының туы ресми түрде Қазақстанға табысталды
- автор kyn.kz
- Бүгін, 19:52
- 55
Халықаралық дзюдо федерациясының бас хатшысы Лиза Аллан IJF туын Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Есекеевке тапсырды. Бұған дейін туды Лиза Алланға Әзербайжан дзюдо федерациясының вице-президенті Эльнур Мамедли табыстаған болатын.
Дзюдодан әлем чемпионаты 2027 жылғы 7–14 маусым аралығында Астана қаласында өтеді. Бұл дода 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына іріктеудің маңызды кезеңдерінің бірі болмақ. Әлем біріншілігінде спортшылар олимпиадалық жолдамаларды бөлу кезінде есепке алынатын маңызды рейтингтік ұпайлар үшін күреседі.
Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Есекеевтің айтуынша, алдағы әлем чемпионаты отандық спорт үшін айрықша маңызға ие және елімізде дзюдо спортын одан әрі дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады.
«Қазақстанда дзюдодан әлем чемпионатының өткізілуі – отандық спорт үшін аса маңызды оқиға әрі халықаралық спорт қауымдастығы тарапынан көрсетілген жоғары сенімнің белгісі. Бұл біз үшін үлкен мәртебе ғана емес, зор жауапкершілік те. Біздің басты міндетіміз – чемпионатты Халықаралық дзюдо федерациясының талаптарына сай, жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өткізу.
Біз ұлттық құраманың дайындығына ерекше көңіл бөлеміз. Өз елімізде, жанкүйерлеріміздің алдында белдесу спортшыларымызға қосымша жауапкершілік жүктейді. Біз олардың лайықты нәтиже көрсететініне сенеміз және бұл үшін барлық қажетті жағдайды жасаймыз. Атап айтқанда, спортшыларды даярлау жүйесін жетілдіріп, сапалы жаттығу үдерісін қамтамасыз етуге және олардың халықаралық жарыстарға қатысуына баса назар аударамыз.
Алдымызда ауқымды әрі кешенді жұмыс тұр. Біз алдағы әлем чемпионатын Қазақстанның халықаралық спорт аренасындағы беделін нығайтуға ғана емес, елімізде дзюдо спортын одан әрі дамытуға да пайдалануды көздеп отырмыз», – деді Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Есекеев.
Айта кетейік, 2027 жылы Қазақстан өз тарихында екінші рет дзюдодан әлем чемпионатын қабылдайды. Елімізде бұл деңгейдегі жарыс алғаш рет 2015 жылы ұйымдастырылған болатын.
Сонымен қатар Қазақстан 2023–2026 жылдар аралығында төрт жыл қатарынан Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) ресми күнтізбесіне енгізілген беделді Qazaqstan Barysy Grand Slam халықаралық турнирін өткізді. Бұл жарыс олимпиадалық іріктеу жүйесінде маңызды орын алады.
Осындай жоғары деңгейдегі жарыстардың ұйымдастырылуы Қазақстанның әлемдік дзюдодағы позициясының нығайып келе жатқанын және еліміздің ірі халықаралық спорттық іс-шараларды қабылдауға дайын екенін көрсетеді.
Ал Бакуде өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы жарысты бір күміс медальмен аяқтады. Ұлттық құрама қоржынына жүлдені 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Шерзод Давлатов салды. Ол әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды.




