«Адам құқығы қайда қалды, депутат мырза?»: Дана Нұржігіт Ардақ Назаровтың ажырасуға қатысты ұсынысына шүйлікті
- автор Томирис Тоныкөк
- 5 мамыр, 2025
- 73

Белгілі тележурналист Дана Нұржігіт мәжіліс депутаты Ардақ Назаровтың ажырасуға қатысты ұсынысын сынға алды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Дана Нұржігіт депутаттың "ажырасқандарға салық салу" ұсынысын ақылға саймайтын ұсыныс екенін айтты. Бұл туралы Instagram желісіндегі парақшасында жазды.
"Назаров айтқан статистика шошытады. Одан да соның себебін зерттейтін уақыт келді дейік! Бір де бір адам ажырасамын деп қосылмайды! Әр түрлі жағдай, себеп бар. Тіпті бас жарылып, көз шықпай тұрғанда, өлімге дейін жеткізбей ажырасқан дұрыс дер едім. Саналы ата-ана баланы осы жағдайда да дұрыс өсірудің жолын табады. Оған тек тәрбие, мәдениет, түйсік жетсе, әрине!
Депутат келтірген деректегі 400 мың жалғызбасты ана, 60 мың жалғызбасты әке отбасы институтын түбегейлі әлеуметтік зерттеуден, сараптаудан өткізу керек деген сөз. Соған қарай "Неке және отбасы" кодексін қайта қарау керек деген қызыл белгі бұл!
Ал ажырасқандарға салық салу керек дегені тіпті абсурд! Адамды еркінен тыс қасыңда ұстау, салыққа ұшыраймыз деп ажыраспау ма бұл?! Ақылға сыймайтын мәжбүрлеу ғой мынау! Адам құқығы қайда қалды сонда, депутат мырза? Отбасы институтын дәл осындай радикалды формада "қорғамасаңыз" етті…", - деп жазды Дана Нұржігіт .
Айта кетейік, бұған дейін мәжіліс депутаты Ардақ Назаров елдегі ажырасу көрсеткішіне алаңдаушылық білдіріп, жарна төлеу тәртібін енгізуді ұсынған болатын.