
Әскери оқу орындарының бұрынғы курсанттары оқуын қайта жалғастыру үшін eGov.kz порталы арқылы онлайн өтінім бере алады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Электронды үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.
Ол үшін eGov.kz порталы арқылы өтінім беру жеткілікті. Қызмет тегін көрсетіледі және кемінде бір семестр оқуды аяқтағандарға қолжетімді болады.
Бұрын оқуды қайта жалғастыруға өтініш беру процедурасы күрделі болған. Оны барып тапсыру талап етілетін. Үміткерлер оқу орнына өтініш беріп, жеке куәлік, транскрипт, қызмет орны сипаттамасы, фотосурет, әскери куәлік көшірмесі және басқа да құжат пакетін жинауы керек еді.
Енді процесс жеңілдетілді: онлайн түрде өтініш беріп, қажетті құжаттардың көпшілігі мемлекеттік деректер базасынан автоматты түрде жүктеледі.
Айта кетерлігі, оқу орнынан шығарылғаннан кейін бір жыл ішінде ғана өтініш беруге болады. Егер бұл мерзім аяқталса, оқу орнында қалпына келтіру мүмкін емес.
Көрсетілетін қызметті алу үшін:
- eGov.kz порталында тіркеліп, "Азаматтарға" - "Әскери есепке алу және қауіпсіздік" - "Әскери қызмет" бөліміне өту керек;
- "Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына қалпына келтіру" көрсетілетін қызметін таңдап, "Қызметке онлайн тапсырыс беру" түймесін басуға тиіс;
- оқу орнын таңдап, оқудан шығарылғаннан бері қанша уақыт өткенін көрсетіп, жеке деректерін пайдалануға келісім береді;
- тұратын мекенжайын көрсетіп, құжаттарды қосады;
- қолжетімді қол қою әдістерінің бірімен өтінішке қол қояды;
- қызметтің нәтижесі пайдаланушының жеке кабинетінде "Қызметтерді алу тарихы" бөлімінде қолжетімді болады.
Өтінімді қарау мерзімі 20 жұмыс күні. Оң шешім қабылданса, нәтиже пайдаланушының жеке кабинетіне электрондық форматта жіберіледі. Егер қалпына келтіру мүмкін болмаса, студент те дәлелді бас тарту хатын алады.
Жаңа көрсетілетін қызмет Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитетінің, Ұлттық ақпараттық технологиялар АҚ және Қорғаныс министрлігінің ынтымақтастығымен іске қосылды.