«Екі араға от салғысы келетін арандатушылар табылып жатыр»: Қырғызстан президенті Кенесары хан туралы мәлімдеме жасады
- автор Томирис Тоныкөк
- 15 мамыр, 2025
- 142

Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаров қазақтың соңғы ханы Кенесары хан туралы айтып, қазақ-қырғыз екі елдің достығын нығайта түсуді жеткізді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы әлеуметтік желіде жазба қалдырды.
«Құрметті замандастар мен ағайын-туыстар! Құрметті қазақ және қырғыз жұрты! Күні кеше ғаламторда қырғыз бен қазақ халқының арасына жік салған осы видео пайда болды. Тарихи тағдырымыз сондай: қазақ пен қырғыз ежелден бір туған, бір мақсаттағы халықтармыз. Көп ғасырлық тарихи жақындықты ата-бабаларымыз:
«Қазақ, қырғыз – бір туған» деген екен,
бірақ терең мағынасы бар бұл сөзде! Қазақ-қырғыз достығы туралы сөз қозғалғанда, мен белгілі қазақ ақыны Жұбан Молдағалиевтің мына бір шумақтарын жиі қайталап жүрем:
Мен – қазақпын, қырғыз – ол туысқаным,
Бірге тартқан тарланның құйысқанын.
Анамыз да қара көз бір қыз, бәлкім,
Бөліп берген егізге уыс нанын!
Өкінішке орай, екі халықтың ежелден қалыптасқан ынтымағын көре алмай, екі араға от салғысы келетін арандатушылар да табылып жатыр. Олар, әдетте, тарихты бұрмалауға тырысып, екі елді жауластырғысы келеді. Арандатушылық үшін оңай тақырыптардың бірі ретінде – он тоғызыншы ғасырдағы тарихымыздың трагедиялық беттері, әсіресе Кенесары ханның қырғыз жеріне басып кіруі және оның өлімімен аяқталған оқиғалар таңдалып отыр. Мен бұл тақырыпты қозғап, шайқалтқысы келетіндердің әрекеттерін көптен бері бақылап келемін.
Атап айтсам, мен бұл кезеңді жақсы білемін, өз бетімше көп іздендім. Марқұм әкем Нұрғожа шежіреші әрі тарихшы болатын, одан көп нәрсе естіп, үйрендім, - дейді Жапаров.
Ол тарихқа шолу жасап, Кенесары хан туралы бірнеше фактілерді атады. Оның басы орыстардың қолына қалай өткенін жазған.
«Кенесары ханның басы орыстарға қалай өткеніне келсек:
Бір деректе кейбір қазақ көсемдері басты орыстарға тапсыруды ұсынғаны айтылады. Тағы бір деректе, Кенесарының өліміне сенбей, орыстар арнайы делегация жібергені айтылған. Себебі Кенесары Омбыдағы (қазіргі Омск) орыстарға да соққы берген болатын. Делегация келіп, Омбыға алып барып тексерейік, бізге беріңдер деп сұрап кеткен. Сөйтіп, бас Омбыға, одан кейін Санкт-Петербургке жөнелтілген екен.
Енді бұл оқиғалар тарихқа айналды. Одан енді сабақ алуымыз керек. Мұндай оқиғалардан сабақ алудың маңыздылығы қазіргі заманда тіпті арта түсуде. Бірақ екі араға от салғысы келетін арандатушылар ақылға келмей жатқаны өкiнiштi. Біраздан бері байқап жүрмін. Екі халықты бір-біріне қарсы қоюды көздеген бір күш пайда болды. Ондайлар екі елдің де ішінде бар. Олар тарихи деректер мен шежіре-аңыздарды қолдарынан келгенше бұрмалап, қырғыздар сыртқы күштермен бірігіп қазақтарға қарсы әрекет етті деген секілді қисынсыз қорытындылар жасап, бүтін бір халыққа тіл тигізіп, отқа май құйғандай, осы тақырыпты өздеріне тиімді жақтан қозғап жүр.
Тарихта қырғыздар ешқашан бірінші болып шабуыл жасамаған. Көшпенді, жауынгер замандардан бері қаншама уақыт өтті. Қазір заман басқа. Қырғыз бен қазақ бүгінгі ұлттық мемлекетімізді нығайту, бірлікті бекемдеу ісімен айналысуымыз қажет. Бізді ғасырлардан келе жатқан туыстығымыз, құда-жекжаттық татулығымыз артып келе жатқаны – мақтаныш. Мен, мысалы, мақтанамын. Менің төртінші атам Солтонқұлдың бәйбішесі Нооча әжем – қазақ қызы болған, демек мен бір жағынан қазақтың жиенімін.
Қазақ халқының ішінде де бізге туыстық жағынан жиендер көп. Сондықтан, екі елдің достығын қадірлейтін қазақ пен қырғыздың #сана-сезімді, білімді азаматтары, әсіресе жастары ондай арандатушыларға жем болмайды деп сенемін! Қырғыз пен қазақтың көреген ұл-қыздары тарихты объективті зерттеуге бел шеше кірісіп, арандатушыларды тоқтатуға күш салып, мәңгілік достықты нығайта береді деп сенемін! «Ынтымағы бар елден ырыс кетпейді» дейді. Бірлікте болайық!», - деп сөзін қорытындылады.
Ұқсас жаңалықтар
Цифрлық даму вице-министрі Асхат Оразбек қызметінен кетті
- авторТомирис Тоныкөк
- 13 мамыр, 2025