«Мылтық атқан сақалдыны ұрам деп Шерзатты ұрған екенмін»: сотта күдікті Белқожаев бәкіні не себепті алып барғанын айтты
- автор Томирис Тоныкөк
- 16 мамыр, 2025
- 612

Шерзат Болаттың өлімі бойынша сот отырысында күдікті Шыңғыс Белқожаев жауап берді. Ол Шерзатты Нұрғанат Ғайыпбаевпен шатастырып алғанын айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Сотта күдікті Нұрқанаттың оқ атқанын көргенін жеткізді.
“Мылтық атқан сақалдыны ұрам деп барғанмын. Видеоны қарасам Шерзатты ұрған екенмін. Сақалдымен шатастырып Шерзатты ұрып, тептім. Сосын көлік келіп, мініп кетіп қалдық. Биатлон жаққа барған соң көлігімде мылтық жатқанын көрдім. Оны алып, жолдың шетіне апарып лақтырып кеттім. Ертесіне тауып беру үшін. Менің қолымда шаруашылыққа пайдаланған бәкі болды. Пышақты өзім тауып бердім. Бізді ұстаған жерде жатқан, сол жерден тауып бердім. Қаржаубай дүкеннен пышақпен шықты. Ол ас үй пышағына ұқсайды. Істе көрсетілген пышақ емес. Пышақ сол қолында болды. Ал Нұрқанаттың екінші оқты атқанын көрдім. Мен барған кезде Шерзат отырды, соны ұрдым. Пышақпен шығып, мылтық атпағанда мұндай жағдай болмас еді”, – деді Белқожаев.
Сонымен қатар, Шыңғыс Белғожаев өзінің бұған дейін берген жауабына толық келіспейтінін айтты. Ол тергеу кезінде қысым көргенін мәлімдеді. Үстіне жарақат түспегенін, өзін тергеушілер пакетпен тұншықтырғанын айтты.