Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

“Жүрек тұсынан тығып, қайтып суырып алған”: түлектер кешіндегі оқиға туралы тың ақпарат шықты

“Жүрек тұсынан тығып, қайтып суырып алған”: түлектер кешіндегі оқиға туралы тың ақпарат шықты
Сурет: ашық дереккөздерден
Алматы облысында түлектер отырысында қайғылы жағдай орын алды

Алматы облысында коттедж жалдап алып көңіл көтерген түлектердің қасында ересектерден ешкім болмаған. Бұл туралы бізге марқұм Әліби Қадырдың әжесі айтып берді. Үйіндегі жалғыз ұлды олар кеше жер қойнына тапсырған. Ал оған кәуап пісіретін темірді сұғып алған сыныптасы қамауға алынды. Қанды қылмыс болған үй бұрын лауазымды қызметте істеген азаматқа тиесілі үш коттедждің бірі дейді сол маңдағы тұрғындар, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК жаңалықтарына сілтеме жасап. 

Қырғауылды ауылындағы орта мектеп түлектеріне соңғы қоңырау өткен жұмада соғылған. Қос сыныптың оқушылары мұны атап өтпек болыпты. Алайда жастардың басқосуы бір отбасының жалғыз ұлының өлімімен аяқталды. 

Долан ауылында түлектер көңіл көтеру үшін жиналып, арты қайғылы жағдаймен аяқталған коттеджді 11 сынып оқушылары жалға алыпты. Сол күні сауық-сайран, у-шу болғанымен, қазір мұнда өлі тыныштық. Полицейлер үйді арнайы лентамен қоршап кеткен. Ішке ешкімнің кіруіне рұқсат жоқ.

Үйдің ауласында сол күннен қалған мангал, сусын мен ыдыс-аяқ әлі де жатыр. Дастарханда алкоголь ішімдік те болған көрінеді. Содан түлектердің бірі қатты мас болыпты. Кеште ол ашуланып, кәуап пісіруге арналған темір істікті әрі-бері сермеуге кірісіпті. Ал 17 жастағы Әліби қыздардың бірін қорғап, ашулы жігітті сабырға шақырмақ болған. Сол сәтте сыныптасы қолындағы темірді оның жүрек тұсына сұғып алыпты.

“Коттеджге барған. Қасына ешкім бармаған ау, мұғалімдерден де, ата-аналардан да бармаған. Далада шу шыққан кезде бұл шыққан. Ешқандай бала қалмаған дейді, бәрі бытырап жан‑жаққа кеткен. «Қолына шпор ұстап жүр» дейді ғой, енді шашлык істеген де, соның шпорын ұстап жүр. Бұл мен оны көндірейін, әйтеуір қатар жүрген бала ғой, бірге жүрген, көнер деген ғой. Сол кезде жүрек тұсынан тыққан. Жүрек тұсынан тығып, қайтып суырып алған дейді”, - деді Айдаркүл Қыдырова, марқұмның нағашы әжесі.

Түлектер дереу жедел жәрдем шақырған. Алайда олар келгенше жігіт көз жұмыпты. Қырғауылды ауылындағы орта мектеп әкімшілігі оқушылардың коттедж жалдап, соңғы қоңырауды тойламақ болғанын «мүлдем білмедік» деп отыр. Сынып жетекшісі де бейхабар көрінеді.

“Сынып жетекшілері де білмейді, ол туралы, мектеп әкімшілігі де білмейді. Үйді кім жалдап, қалай, не болғанын, ондай ақпарат бізде жоқ. Ол кісілер қолхат жазып берді. Жиналыс өткіздік. Барлығында айтылды. «Жоқ жібермейміз, ешқайда бармайды, балалар үйде отырады» деді, үйде отыр деп те айтты, сол күні”, - дейді Перизат Әбдібаева, Қырғауылды ауылындағы қазақ орта мектебінің директоры.

Қазір бұл қанды оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Ал сыныптасын шампурмен өлтірген күдікті қамауға алынған. Оның ата-анасы да әкімшілік жауапқа тартылды. Қыршыннан қиылған Әліби Қадыр үйінің үлкені әрі жалғыз ұлы екен. Марқұмды жақындары кеше ақтық сапарға шығарып салған. 11 сыныпты тәмәмдаған жігіт әскери оқуға түсуді армандап жүріпті. Кейбір деректерге сүйенсек, жалдамалы үй экс-прокурорға тиесілі. Ол осы көшенің бойындағы бірнеше коттеджді сатып алған көрінеді әрі оны үнемі жалға береді дейді көрші-қолаң.

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар