"Қылмыс құрамы жоқ": "Қостанай-Ресей жері" деген азаматқа қатысты іс тоқтады
- автор kyn.kz
- 31 мамыр, 2025
- 865

"Қостанай – Ресейдің жері және Ресей алдағы 10 жылда бұл жерді қайтарып алады, Қазақстанда азамат соғысы басталады" деген азаматтың үстінен қозғалған іс тоқтатылды. Сараптама "қылмыс құрамы жоқ" деген. Бұл сөзде сепаратизм белгісі расымен жоқ па, әлде саясат заңнан басым түсіп отыр ма?
"ҰЛТАРАЛЫҚ АРАЗДЫҚ БАР, БІРАҚ САРАПШЫ ПІКІРІНЕ СҮЙЕНЕМІЗ"
2024 жылғы 18 желтоқсанда украиналық Свята Джавелина YouTube-арнасында Қостанайда тұратын Н.Ю.Сычугов есімді азаматпен жарты сағаттық сұхбат жарияланды. Сычугов өзін музыкант ретінде таныстырып, басында музыка жайлы әңгімелеседі. Сұхбаттың ортасына қарай саясат, тарих, Украинадағы соғыс мәселесі қозғалып, Сычугов "Қостанай – Ресейдің жері... Алдағы 10 жылда Ресей оны қайтарып алады... Қазақстанда азаматтық соғыс болады" дейді.
Қостанайда туып-өстім деген Сычугов әскерде болғанын, бірақ өзін Қазақстан патриоты санамайтынын, Қазақстанда ұлтшылдық күшейіп, орыстілді азаматтарды жақтырмайтынын айтады. YouTube-арнасының авторы "Қостанай – Ресей" жері дегенге жергілікті қазақтар қарсы болмай ма деп сұрағанда, ол "солтүстіктегі қазақтар орыстанған, сол себепті қарсы болмайды, ал оңтүстіктегілер таза қазақ емес" дейді.
"Егер қолыңа қару алуға тура келсе, сол қаруды кімге қарсы кезейсің? Кім үшін [соғысасың?]" деген сұраққа, Сычугов "Ресей үшін" деп жауап береді.
Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетті бұл азаматтың осы сөздері үшін ұлтаралық араздықты қоздыру бабы (қылмыстық кодекстің 174-бабы) бойынша іс қозғаған, бірақ ол кейін тоқтап қалған. Бұл туралы Қостанай облысы прокуратурасының 6 мамырда Астана тұрғыны Ж.А. Дуисбаев есімді азаматқа берген жауабынан кейін мәлім болды.
"Тергеп-тексеру қорытындысы бойынша бейнематериалдың сараптамалық зерттеуін ескере отырып, қылмыстық іс 18.03.2025 жылы қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылды. Облыстық прокуратура бұл шешіммен келісті. Атап айтқанда, сараптама қорытындысына сәйкес, бейнежазбада әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни араздықты қоздыру белгілері жоқ. Адамдардың әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни көзқарасына байланысты табиғи, биологиялық артықшылығы немесе төмендігі туралы ақпарат орын алмаған. Билікті күшпен басып алуға, билікті күшпен ұстап тұруға, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге немесе конституциялық құрылысты күштеп өзгертуге, сол сияқты Қазақстан Республикасының тұтастығы мен оның аумағының біртұтастығын күшпен бұзуға шақырулар анықталмаған" деп жауап берген прокуратура.
Қостанай облысының прокуратурасына Азаттық та қоңырау шалып хабарласты. Прокуратура өкілі содан бері ештеңе өзгермеді, яғни қылмыстық құрам болмауына байланысты іс тоқтады деді.
Қазақстанның ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха Қостанай тұрғынының сөзін "ұлтаралық араздықты қоздыру" деп түсінетінін айтты. Бірақ ол сараптама қорытындысынан аттап өте алмаймыз деді.
– Менің ойымша, бұл – ұлтаралық араздықты қоздыру. Бірақ әрбір осындай өтініш бойынша біз сараптама тағайындаймыз. Біз ең алдымен өзіміздің түсінігімізге емес, сарапшының пікіріне сүйенеміз. Егер сарапшы оның айтқандарынан құқық бұзушылық көрмесе, онда прокуратура да, сот та, біз де оны жауапкершілікке тарта алмаймыз. Яғни, бұл жерде негізгі тұлға – сарапшы. Сондықтан мен қазір нақты айта алмаймын, ол адамның әрекеттерінде заң бұзушылық жоқ деген сараптама қорытындысы бар шығар, – деді вице-министр Азаттық тілшісінің сұрағына.
Лепеханың сөзінше, "мұндай пікір білдіріп жүрген адамдар, әдетте, масаң күйдегілер, олар ел ішінде дәл сол араздық тудырғысы келетіндердің диірменіне су құйып жатыр".
– Құқық бұзушылық болсын, болмасын, ол қоғамдық айыптауға ұшыраса, егер ертең мәселен, көршілері онымен сөйлеспейтін болса, бұл да үлкен жауапкершілік болады деп ойлаймын, – деді ол.