Экс-министр Ажар Ғинияттың ауылдағы 40 жылдықта ән салғаны желіде "хит" болды (ВИДЕО)
- автор kyn.kz
- 2 маусым, 2025
- 2.1k

Экс-министр 11 жыл бірге оқығын сыныптастарымен мектеп бітіргендеріне 40 жыл толуына байланысты кездесу кешін ұйымдастырған. Ажар Ғиниятқызы Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданына қарасты Көпжасар ауылында дүниеге келген. 1985 жылы осы ауылдағы Дина Нұрпейісова атындағы орта мектепті тәмамдаған. Ауыл мектебінің түлектері бір түсте көйлек кигендеріне қарағанда біраз уақыт бұрын ақылдасып, жақсы дайындалған.
Сағынышқа толы көңілді кеште Ажар Ғиният ақын Мұхтар Шаханов сөзін жазған "Айналайын" әнін сыныптастарымен орындаған. Микрафонды қолына алған экс-министр өзге сыныптастарынан белсенді, әрі әнді еш қысылмастан соңына дейін өзі орындаған.
Көпшілік оның әнге икемі мен дауысын сынап желіде түрлі пікірлер жазуда. Олардың бірі лауазымды азаматтың ауылына деген құрметін, бала күніне сағынышын, қарапайымдылығын сақтағанына ризалығын айтса, келесілер оның әнді орындау қабілетін сынап-мінеп, жақтырмай қараған.
Есте болса, Ажар Ғиният 2022 жылдың 11 қаңтарынан бастап 2024 жылдың 6 ақпанына дейін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі қызметін атқарған. Қазіргі уақытта ол Ұлттық балаларды оңалту орталығының директоры қызметін атқарады.