Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Respublica партиясы 20 өңірдегі сайлауалды науқанын қорытындылады

Respublica партиясы 20 өңірдегі сайлауалды науқанын қорытындылады
KYN.KZ
Respublica партиясы мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы қарсаңындағы үгіт-насихат жұмыстарын қорытындылады. Науқан барысында еліміздің 20 өңірінде 243 іс-шара ұйымдастырылып, онлайн және офлайн форматта 430 мыңға жуық адам қамтылған, деп хабарлайды Kyn.kz.

«Өңірлермен тікелей диалог» атты жалпыпартиялық онлайн-кездесуге өңірлік филиалдардың өкілдері, депутаттыққа кандидаттар, партия белсенділері, Орталық кеңес мүшелері, сондай-ақ ReWomen әйелдер және ReJastary жастар қауымдастықтарының өкілдері қатысты.

2–27 қараша аралығында партия кандидаттары еңбек ұжымдарымен, кәсіпкерлермен, жастармен және жергілікті тұрғындармен кездесулер өткізді. Басқосуларда кәсіпкерлікті дамыту, инфрақұрылымды жақсарту, жұмыспен қамту, білім беру және халықтың тұрмыс сапасын арттыру мәселелері көтерілді.

26 қарашада еліміздің барлық 20 өңірінде сайлауалды штабтардың қорытынды отырыстары өтіп, оған 750-ден астам адам қатысты. Жиындарда тұрғындардың ұсыныстары, кандидаттардың атқарған жұмыстары және дауыс беру күніне дайындық барысы талқыланды.

Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров халықпен байланыс сайлаудан кейін де жалғасуы керектігін атап өтті.

«Біз үшін сайлау тек үгіт-насихат кезеңімен шектелмейді. Әр кездесуде айтылған мәселенің артында нақты адам, отбасы, елді мекеннің қажеттілігі тұр. Халықпен диалог сайлаудан кейін де жалғасуы тиіс. Жергілікті өкілді органдардың жұмысы ашықтыққа, жауапкершілікке және тұрғындардың сұранысына негізделуі маңызды», – деді партия төрағасы.

Партия өкілдерінің айтуынша, өңірлерде көтерілген мәселелер алдағы жұмыстарды жоспарлауға және нақты ұсыныстар әзірлеуге негіз болмақ. Сондай-ақ жергілікті өкілді органдардың қабылдаған шешімдері мен атқарған жұмыстары туралы халық алдында есеп беруінің маңызы зор.

Мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына Respublica партиясынан 326 кандидат тіркелген. Олардың 129-ы партиялық тізім бойынша, 197-сі бірмандаттық округтер арқылы сайлауға қатысады. Кандидаттардың арасында 76 әйел және 35 жасқа дейінгі 70 азамат бар.

Қорытынды жиында тыныштық күні заң талаптарын сақтау және сайлауға ұйымдастырушылық дайындық мәселелері де қаралды.

Айта кетейік, мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы 29 қарашада өтеді.

Бөлісу:
kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар