Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

«Үш көлік, алты пәтер»: Петропавлда бюджет қаржысын жымқырған экс-депутат 8 жылға сотталды

«Үш көлік, алты пәтер»: Петропавлда бюджет қаржысын жымқырған экс-депутат 8 жылға сотталды
Сурет: Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихаты
Бюджет қаржысын жымқырған экс-депутатқа қатысты сот үкімі шығып, мүлкі тәркіленді.

Петропавл қалалық соты ірі мөлшерде қаржы жымқырған қалалық әкімдікке қарасты "Тазартқыш, су тартқыш және су өткізгіш ғимараттар" коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнын басқарған Павел Булаевқа үкім шығарды. Экс-депутаттың мүлкі тәркіленіп, ол 8 жылға сотталды. Онымен бірге коммуналдық кәсіпорынның тағы үш қызметкеріне түрлі жаза тағайындалды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Павел Булаев 2017 жылдан бері қаладағы ең ірі коммуналдық кәсіпорындардың бірі – "Тазартқыш, су тартқыш және су өткізгіш ғимараттар" КМК басқарған. 2023 жылы облыстық мәслихат депутаты атанған. Ал былтыр ақпан айында СҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бюджет қаржысын жымқырды деген күдікпен Павел Булаевты қамауға алды. Кейін оның орынбасары Денис Маршалов, заң бөлімінің жетекшісі Руслан Яковенко мен Лев Шакшакбаев ұсталды. Бұлардың барлығы өз аттарына кәсіпорын ашып "Тазартқыш, су тартқыш және су өткізгіш ғимараттар" КМК-мен келісімге отырып, кәріз желілерін реконструкицялау, сорғы станцияларын жөндеу және арнайы техниканы жалдау бойынша қызметтер көрсеткен көрінеді. Бірақ ол фирмалардың кейбірінің қажетті техникасы тіпті қызметкерлері де болмаған. Сондықтан жұмыстардың барлығын әкімдікке қарасты коммуналдық кәсіпорынның қызметкерлері жасаған. Ал бюджеттен бөлінген миллиондаған қаржы әлгі төртеудің  қалтасына түсіп отырған.

Павел Булаев бұл іске өзінің бұрынғы әйелі Анжелика Булаеваны да тартқан. Оның атына да компания ашылып, осы схема бойынша ақша түсіп отырған. Сондай-ақ экс-жарының атына депозит ашып, бар мүлкін жазып қойған. Осыдан-ақ олардың қатынасы тек қағаз жүзінде ғана үзілгенін көруге болады.

Бұл істе Павел Булаевтың балдызы Юрий Чеканиннің де аты бірнеше рет аталады. Себебі Анжелика Булаева олардың ашқан алғашқы компаниясы "Техносила СК" ЖШС осы бауырының атына түсірген.

Алты айға жалғасқан сот процессі бүгін аяқталды. Петропавл қалалық соты Павел Булаевті 8 жылға бас бостандығынан айырды. Ал оның сыбайластары Денис Маршалов, Руслан Яковенко және Лев Шакшакбаев 7 жыл 6 айға сотталды. Айта кетейік, осы уақытқа дейін бұл үшеу үй қамақта болған еді. Сондықтан олар сот залында қамауға алынды.

"Енді айыпталушылардың барлығы өмір бойы мемлекеттік қызметте, сот, қаржы саласында жұмыс істей алмайды. Сондай-ақ қалалық әкімдіктің материалдық шығыны қанағаттандырылды. Сөйтіп олар 805 миллион теңгеден астам соманы қайтаруы тиіс. Бұдан бөлек, Павел Булаевтың қылмыстық жолмен келген бар мүлкі тәркіленеді", - деді үкімді оқыған Петропавл қалалық сотының судьясы Азамат Әшімов.

 

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар