2022 жылдан бастап азаматтардың жалақысын өсірдік - ұлттық экономика министрі
- автор Томирис Тоныкөк
- 3 маусым, 2025
- 135

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин республикалық бюджет шығыстарының соңғы жылдары не себепті артқанын түсіндірді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, 2020 жылы пандемия кезеңінде бюджеттен халыққа қаржы бөлініп, экономика жарты жыл жұмыс істемеген.
«Ұлттық қордан қаражатты аямай алдық. 2020 жылдан бері қордан алынған қаражат деңгейі 5 трлн теңгеден түспеді. Биыл жоспар бойынша келесі жылға нысаналы трансферттерді Ұлттық қордан сұрамаймыз. Ол деген қазір есептегенде – 3,2 трлн теңге. Осы ақшаны Ұлттық қорда қалдырамыз. Өйткені салық реформасынан жаңа кірістер күтеміз. Бірақ шығыстарымыз неге өсіп кетті? Себебі пандемия кезінде адамдарға қаражат бердік, экономика жарты жыл дұрыс жұмыс істеген жоқ, адамдар үйде отырды, 41 мың теңгеден бердік. Азаматтарымызды қолдау үшін барымызды шаштық қой», – деді министр.
Серік Жұманғарин 2022 жылы мемлекеттік қызметшілердің жалақысы едәуір артқанын айтады.
«2022 жылдың басында мемлекеттік қызметшілердің жалақысын көтердік, содан кейін әрбір жыл индексация жасадық. 2020–2022 жылдары инфляция 22 пайыз болды. Соған байланысты міндетті түрде осы пайызға индексация жасадық. Сондықтан жалақы мықты өсіп кетті. Инфрақұрылымға да сол кездері қаражатты жақсы бердік. Соның әсерінен бюджеттің шығыстары көбейді», – деді ол.