Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Адвокат Бишімбаевтың алиментті аз төлеу үшін мүлкін қайта рәсімдеткенін айтты

Адвокат Бишімбаевтың алиментті аз төлеу үшін мүлкін қайта рәсімдеткенін айтты
Сурет: kursiv.media
Бишімбаевтың арызын сот қанағаттандырудан бас тартты

Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың алимент төлемдерін азайту туралы талабын сот қанағаттандырмады. Бұл туралы адвокат Динара Шамшекова айтып берді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Адвокаттың айтуынша, 2020 жылы Қуандық Бишімбаев пен оның бұрынғы жұбайы Назым Қаһарман арасында үш балаға алимент төлеу туралы келісім жасалған. Алайда бірнеше ай бұрын Бишімбаев төлем шарттарын, атап айтқанда, төлем мөлшерін азайту туралы талап арыз берген. Ол өзінің қаржылық жағдайының нашарлағанын алға тартқан.

"Нормативтік қаулыға сәйкес бұл жағдай шарттарды өзгертуге негіз бола алады, бірақ бұл – сөзсіз негіз емес. Сот процесі барысында онда (Бишімбаевта – еск.) мүлік бары анықталды. Біз сонымен қатар үкім шыққан және қылмыстық іс қаралған сәттегі мүлік тізімін де анықтадық. Ол бұл мүлікті қайта рәсімдеген", – деді адвокат Tengrinews.kz тілшісіне.

Адвокаттың айтуынша, мүлік сыйға тарту келісімшарттары бойынша үшінші тұлғаларға берілген. Осыдан кейін Бишімбаев қаржылық жағдайының нашарлағанын алға тартып, алимент мөлшерін бірнеше есеге азайтуды сұраған.

"Сот біздің уәждерімізге сүйене отырып, талапты қанағаттандырудан бас тартты. Бұл әрекеттер – мүлікті қайта рәсімдеу – балаларға алимент төлеуден жалтару әрекеті ретінде бағаланды. Ал алимент төлеу – оның конституциялық міндеті. Балалардың мүддесін ескере отырып, сот келісімді өзгерту туралы талабын қанағаттандырмады", – деп атап өтті Динара Шамшекова.

Адвокаттың айтуынша, Бишімбаевтың иелігінде болған және кейіннен қайта рәсімделген мүлік барлық үш бала кәмелетке толғанға дейін алименттік міндеттемелерді орындауға жеткілікті.

Еске салайық, Назым Қаһарман Қуандық Бишімбаевпен ресми некеде 14 жыл тұрған. Ерлі-зайыптылар 2020 жылы – экс-министрдің алғашқы қылмыстық ісі бойынша түрмеден босатылғаннан кейін бір жыл өткен соң ажырасқан. Олардың үш баласы бар.

Жақында Қуандық Бишімбаевтың отбасы алимент төлеуден бас тартқаны белгілі болды.

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар