«Автобустар қатты жылдамдықпен жүреді»: Астанада екі аяғынан айырылған қыздың ағасы әкімдікке үндеу жолдады
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 11:38
- 46

Астанада автобус апатынан зардап шеккен 7 жасар Алуа Бекеннің нағашы ағасы Астанадағы автобустардың жағдайын айтып, әкімдікке үндеу жолдады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бахтияр қарындасының атынан Instagram парақшасын ашып, ол жерде ем қалай жүріп жатқанын және қор туралы ақпарат салып отырады. Ол автобус жүргізушілеріне қатысты астаналықтардан жиі шағымдар түсетінін, бірақ бұған ешкімнің назар ауадармайтынын айтты.
«Астана қаласының әкімдігінің назарына! №1 автопарк әкімдікке қарайды екен. Өтінемін сапалы, жақсы автобус қойыңыздаршы. Тұрғындардың автобустардың жүруіне қатысты жазған пікірлерін шқысаңыздар деймін. Жүргізушілер қатты жылдамдықпен жүреді, үнемі телефонға қарайды. Екі жүргізуші айдасын автобусты. Әрине 15 сағат жұмыс істеу ол оңай емес. Сондықтан жоғары жақтағылар бұл істі қолға алса екен дейміз. Бізге де қиын. Мұндай жағдай ешкімнің басынан өтпесін», - дейді қыздың ағасы.
Сондай-ақ, Бақтияр жол апатынан зардап шеккен тағы Айсұлу есімді қыздың Алуа жатқан ауруханада емделіп жатқанын айтты. Оның айтуынша, оған әкімдіктен ешкім келіп, жағдайын сұрамаған.
«Автобус апатынан зардап шеккен тағы Айсұлу деген қыз туралы айтқым келеді. Әкімдіктен ол қыздың жағдайын сұрап ешкім келмеді. Осы жағдайды айтқанымда ғана маған хабарласып «Біз дәрігерлермен байланысқа шығып отырмыз» деп ғана айтты. Бірақ ол орнынан қозғала алмай жатыр. Қабырғасына ауыр ота жасалған. Адам ретінде қолдап, жағдайын білуге болмай ма?», - деп сөзін аяқтады ол.