Қарағанды облысында бұрынғы полицей қызметкері әйелін ұрып-соқты деген күдікке ілінді (ВИДЕО)
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 12:01
- 49

Қарағанды облысындағы Балқаш қаласында ер адам бұрынғы әйелін аяусыз ұрып-соққан, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы жәбірленушінің туыстары әлеуметтік желіде жариялады. Жазбада ер адамның полиция қызметкері екені айтылған. Ол ажырасқаннан кейін бұрынғы әйелінің мазасын алуды тоқтатпаған көрінеді.
«Тиран 4 мамырда таңғы сағат 4-те бұрынғы әйеліне шабуыл жасаған. Үйге баса-көктеп кіріп, оны аяусыз ұрып-соғып, буындырғанын, мазақ етіп, өлтірмек болған. Денесі көгерген жәбірленушіге ем алып жатқан ауруханаға дейін келіп, қорқытып кеткен. Әйел сол күні таңертең ол полицияға арыз жазған. Бірақ полиция ешқандай шара қолданбады», - деп жазған автор.
Жәбірленушінің туыстары ендігіде қоғамнан көмек сұрайтынын жеткізді.
Қарағанды облысының полиция департаменті күдіктінің қазір құқық қорғау органдарында қызмет етпейтінін атап өтті.
"Балқаш тұрғынының бұрынғы күйеуі соққыға жыққаны туралы арызы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті – бұрынғы полиция қызметкері тергеу үшін полиция бөліміне жеткізілді. Алдын ала мәлімет бойынша жанжал мүліктік дау салдарынан туындаған. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», - деп хабарлады полиция.