Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

«Ол – қылмыскер, тіпті кісі өлтіруші»: ІІМ мас күйінде көлік жүргізетіндерге жазаны жеңілдетуге қатысты жауап берді

«Ол – қылмыскер, тіпті  кісі өлтіруші»: ІІМ мас күйінде көлік жүргізетіндерге жазаны жеңілдетуге қатысты жауап берді
Сурет: avtocod.ru
ІІМ мас күйінде көлік жүргізетіндерге жазаны жеңілдету ұсынысына қатысты мәлімдеме жасады

Ішкі істер министрлігі үндеу жасап, мас күйінде көлік тізгіндейтін жүргізушілерге қатысты жауапкершілікті жеңілдетуге түбегейлі қарсы екенін мәлімдеді, деп хабарлайды KYN.KZ аұпарат агенттігі  Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

"Құрметті азаматтар! Соңғы уақытта кейбір азаматтар көлік құралын алкогольдік немесе есірткілік мас күйінде басқарғаны үшін салынған әкімшілік жазаны жоюды талап етуде.

Министрлік бұл талаптарды орынсыз деп санайды. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 608-бабында көзделген жауапкершілікті жеңілдетуге түбегейлі қарсымыз. Мұндай қатаң шаралар, соның ішінде 7 жылдық куәліктен айыру жазасы 2020 жылы жайдан-жай енгізілген жоқ. Бұл – заңдағы бап қана емес, жолдағы өмір мен өлімнің арасындағы шекара", - дейді ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.

Оның мәліметінше, соңғы бес жылда мас жүргізушілердің кесірінен 2,5 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. 460-тан астам адам қаза тауып, 3 300-ден астамы жарақат алған.

"Бұл – жай статистика емес. Бұл – қайғы жұтқан отбасылар, жетім қалған балалар, перзентінен айырылған ата-аналар. Мас күйінде көлік жүргізу – жай ғана заңбұзушылық емес. Бұл – адам өміріне тікелей қауіп төндіретін әрекет. Мас жүргізуші – тек заң бұзушы емес, ол – қылмыскер, ол – тіпті кісі өлтіруші.

Осындай қайғылы оқиғалардың бірі Алматыда болды: мас жүргізуші жол жұмысшыларын қағып, соның салдарынан үш адамның екеуі қаза тапты. Өз қызметтерін атқарып жүрген жандардың бір сәтте өмірі үзілді. Бұл – жауапсыздықтың салдары. Мұндай әрекеттерге жолда орын жоқ. Дегенмен қабылданған шаралар оң нәтиже бере бастағанын атап өту қажет", - деді Шыңғыс Алекешев.

Ол автокөлік санының өсуіне қарамастан, мас күйінде ұсталған жүргізушілер саны азайып жатқанын өтті.

"Бұл қатаң шаралардың тиімді екенін көрсетеді. Олар тек жауапқа тарту үшін емес, қылмыстың алдын алу үшін қажет. Көптеген елде мұндай құқықбұзушылықтар үшін жаза одан да қатаң –жүргізуші куәлігін өмір бойына алып қоюға, көлікті тәркілеуге дейін барады.

Адам өмірі заңды саналы түрде бұзған азаматтардың негізсіз талаптарынан әлдеқайда маңызды. Ішкі істер министрлігі жаза шараларын алып тастау немесе жеңілдету туралы кез келген ұсынысты орынсыз деп санайды", - деді ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.

 

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар