Ақтөбедегі емшіге қатысты сот: жас ана іштегі сәбиін көрсетемін деп емшіге 7 миллион теңге несие алып берген
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 16:29
- 224

Ақтөбеде "халық медицинасын меңгерген магистр", "әлемнің құрметті емшісі" ретінде танылған 50 жастағы Сұлушашқа қатысты атышулы сот процесі 23 сәуірден бері жалғасып жатыр, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Қазір бұл іс бойынша 138 адам жәбірленуші деп танылған. Олардың бәрі Сұлушашқа әртүрлі сырқаттарына байланысты емделу мақсатында барған. Алайда емнің орнына, олар банк алдында бірнеше миллион теңгелік несиеге батып, қарызға кіріп кеткен. Жәбірленушілердің айтуынша, емші олардан өз атына несие рәсімдеуді сұраған. Кейбірі мұны тіпті "гипноз астында жүріп жасадық" деп мәлімдеді.
Сұлушашқа Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлімі 2-тармағы бойынша "Аса ірі көлемде алаяқтық жасау" айыбы тағылып отыр. Іс басында 90 жәбірленуші тіркелсе, қазір олардың саны 138-ге жетіп, келтірілген материалдық шығын көлемі 572,9 миллион теңгеге ұлғайған.
Жәбірленушілердің бірі – жас ана. Ол баласына жүктілігі кезінде дәрігерлер ұрықта Даун синдромы болуы мүмкін деп, жүктілікті тоқтатуға кеңес берген. Көңілі құлазыған ананы жұмысындағы әріптесі Сұлушашқа ертіп апарған. Емші ішін ұстап көріп, арнайы су ішкізіп, Құран оқуға кеңес беріп, баланың дені сау екенін, жүкті болуына бүйрек мәселесі кедергі болып тұрғанын айтқан. Сол кездесуден кейін 10 күн бойы Сұлушашқа келіп жүруді тапсырған.
Келесі күні келгенде, емші одан несие рәсімдеуді сұраған. Бастапқыда ол келіспегенімен, кейін емшінің үгіттеуімен несие алған. Әйел өз әрекеттерін толық түсінбей, есін жия алмағанын айтады. Қазір оның жалпы қарызы 7 миллион теңгеге жеткен. Жалақысы аз, сол себепті несиелерді баланың жәрдемақысымен өтеп жүр. 2024 жылдың шілдесінде дені сау сәби дүниеге келген. Күйеуі қолдау көрсетіп келеді.
Жас ана 2023 жылдан бастап 2024 жылдың мамырына дейін төрт несие рәсімдегенін айтты. Ай сайын банктерге 360 мың теңге төлеуге міндетті болған. Алғашқыда емші қарыздарды өзі өтеп жүрген, алайда қараша айында төлем тоқтаған. Қаңтарда телеарнадан емшінің тұтқындалғанын көріп, оның көп адамға несие рәсімдеткенін білген. Бұдан соң басқа науқаспен байланысып, шын мәнінде алаяқтың құрбаны болғанын түсінген.
Қазір екі банк сот процесі аяқталғанша несие төлеуді уақытша тоқтатса, қалған екеуіне ай сайын 110 мың теңгеден төлеуге мәжбүр.
"Атымды атамаңыздаршы. Менің күйеуімнен басқа ешкім бұл жағдайды білмейді. Сұлушаштың сөзіне сеніп қалдым. Ол баламның бәрі жақсы болатынын айтып, декретке шыққанша жаныңдамын деді. Содан кейін сеніп қалдым", – деді жәбірленуші.
Сот процесі әлі жалғасып жатыр.
Ұқсас жаңалықтар
Қостанай облысында әйел мысық тістегеннен кейін қайтыс болды
- авторТомирис Тоныкөк
- Бүгін, 17:24