Үндістандағы ұшақ апаты: жалғыз адам тірі қалған апаттың себебі айтылды
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 11:40
- 45

12 маусымда Ахмадабад қаласында Air India 171 рейсі апатқа ұшыраған. Boeing 787-8 Dreamliner ұшағының не себепті апатқа ұшырағаны белгілі болды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі The Times of India басылымына сілтеме жасап.
Алдын ала есепке сәйкес, ұшып көтерілу кезінде-ақ қозғалтқыштар тартылыс күшін жоғалта бастаған. Бұл уақытта жанармай беру тетіктері "RUN" күйінен "CUTOFF" күйіне ауысып, қозғалтқыштарға жанармай жетпей тоқтаған. Ұшқыштардың бірі әріптесінен: "Неге жанармайды өшірдің?" – деп сұраған. Ол: "Мен ештеңе өшірген жоқпын," – деп жауап берген. Бірнеше секунд ішінде олар жанармай беруді қалпына келтірмек болғанымен, биіктік пен уақыт жетпей, қозғалтқыштарды қайта іске қосу мүмкін болмаған.
Мамандардың айтуынша, жанармай тетіктері кездейсоқ ауысып кетуден қорғалған. Олар тек әдейі немесе техникалық ақау кезінде "CUTOFF" күйіне ауыса алады. Қазір тергеу жалғасып жатыр, толық қорытынды әзірге жарияланған жоқ.
Еске салайық, 12 маусымда Air India компаниясына тиесілі Boeing 787 Dreamliner ұшағы Ахмадабадтан Лондонға ұшып шыққан соң көп ұзамай апатқа ұшырады. Лондонға бағыт алған ұшақ әуеге көтерілген соң небәрі 29 секунд өткенде құлаған. 260 адам қаза тапқан, оның ішінде жерде болған 19 адам ажал құшты. Тек бір жолаушы тірі қалған.
Жалғыз тірі қалған адам - ұлыбританиялық 40 жастағы жолаушы. Ол ұшақтың артқы шығу есігіне жақын орналасқан және қауіпсіздік белдігін таққан күйде болған. Қазір ол ауруханадан шыққан және тергеуге куәлік берген.