Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

«Біз 200 миллион теңгені жібердік»: «Асар-Уме» қайырымдылық қорының президенті Перизат Қайрат ісіне қатысты сотта сөйледі

«Біз 200 миллион теңгені жібердік»: «Асар-Уме» қайырымдылық қорының президенті Перизат Қайрат ісіне қатысты сотта сөйледі
Сурет: фотоколлаж kyn.kz
Асхат Нұрмашев Газа халқына көмек ретінде Перизат Қайрат жетекшілік еткен қайырымдылық қорына 200 миллион теңге аударғанын айтты.

Астанада қайырымдылыққа бөлінген миллиардтарды жымқырды деген Перизат Қайраттың ісіне байланысты сот отырысы өтіп жатыр. Газа халқына гуманитарлық көмек көрсетуге қатысты істе жәбірленуші ретінде танылған «Асар-Уме» қайырымдылық қорының президенті Асхат Нұрмашев сотта екі тараптың арасындағы әріптестікке байланысты жайттарды баяндады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап.

Белгілі болғандай, «Асар-Уме» қоры «BizBirgemiz Kazakhstan 2030» қорына 200 миллион теңге аударған.

Асхат Нұрмашевтың айтуынша, бұл бастама 2023 жылдың қарашасында, яғни Таяу Шығыстағы жағдай ушыға түскеннен кейін пайда болған. Сол кезде әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында Перизат Қайрат басқаратын қордың Палестина елшілігімен әріптестік орнатқаны және Абу-Дабидегі халықаралық гуманитарлық хабқа қол жеткізе алатыны туралы ақпарат тараған. Кейін бұл мәліметті Перизат Қайраттың өзі «Асар-Уме» өкілдерімен кездесуде растаған.

«Біз Абу-Дабиге бірге бардық. Халықаралық гуманитарлық жүк тиелетін қойманы аралап көрдік. Бұл – Алматыдағы қойма емес, оған аккредитациясыз кіру мүмкін емес. Бізге бұрын сатып алынған жүктердің сол жерде тұрғанын көрсетті», – деді Нұрмашев сот отырысында.

Алайда оның айтуынша, бұл жүктің барын растайтын ешқандай ресми құжат ұсынылмаған. Барлық ақпарат тек Перизат Қайраттың сөзіне негізделген.

Нұрмашевтың мәліметінше, Абу-Дабиге сапардан және Астанада БАӘ мен Палестина елшіліктері ұйымдастырған шараларға қатысқаннан кейін, оның қоры Газа секторына арнап қаражат жинауды бастаған. Бар болғаны бес күннің ішінде қазақстандықтар 293 миллион теңге қайырымдылық жасаған.

«Біз бұл соманы траншпен, яғни әр жолы 50 миллион теңгеден аударуды жоспарладық. Бірақ Перизат барлық ақшаны бірден аударуды талап етті. Ақылдаса келе, біз 200 миллион теңгені жібердік. Қалған 93 миллион теңге тек есеп-қисап ұсынылғаннан кейін аударылады деп келістік», – деді жәбірленуші тарап.

Оның айтуынша, екі қор арасында қайырымдылық бағытындағы әріптестік туралы келісім жасалған. Алайда, қаржы аударылған кезде де, одан кейін де ешқандай есеп берілмеген.

Прокурордың «Абу-Дабидегі қоймадан «BizBirgemiz» қорының логотипі бар жүк қораптарын көрдіңіз бе?» деген сұрағына Нұрмашев теріс жауап берді. Ол сондай-ақ, ол жерден Перизат Қайраттан басқа қор өкілдерін көрмегенін атап өтті.

«Перизат Қайрат сатып алды деген тауарларға қатысты да бірде-бір құжат ұсынылған жоқ. Барлығы тек оның сөзіне сүйеніп жүзеге асты», – деп қосты ол.

Нұрмашевтың сөзінше, Абу-Дабиге сапар шығындарын Перизат Қайраттың өзі көтерген.

Кейін ол қор тарапынан ұсынылған барлық құжаттың жалған екенін білгенін айтты.

Айта кетейік, өткен жылы Қазақстандағы ең ірі қайырымдылық ұйымдардың бірі – «Асар-Уме» қоры үлкен дауға іліккен еді. Блогерлер қорды ашықтықтың болмауын, қаржы жымқырылғанын және балаларды пиар үшін пайдаланғанын айтып, айыптаған болатын.

Жауап ретінде қор ресми есеп жариялап, өздеріне ақпараттық шабуыл жасалып жатқанын мәлімдеген еді.

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар