Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

«Басымды қабырғаға соғып, жерге жатқызып тепкіледі»: Екібастұзда қызды бұрынғы жігіті аяусыз ұрып-соққан

«Басымды қабырғаға соғып, жерге жатқызып тепкіледі»: Екібастұзда қызды бұрынғы жігіті аяусыз ұрып-соққан
Сурет: фотоколлаж kyn.kz
Екібастұзда ер адам бұрынғы сүйіктісін ұрып, қинап ақ ұнтақ ішкізбекші болған.

Екібастұзда бойжеткенді бұрынғы жігіті аяусыз ұрып-соққан. Қыздың айтуынша, оны ер адам бір сағат бойы қинаған. Ол құқық қорғау органдары дер кезінде әрекет етпегені үшін шағымданды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Оқиға 18 шілде күні болған. Айтуынша, бұрынғы жігіті оны өлтірмекші болған.

“Мені бір сағат бойы қинады. Басымды қабырғаға соғып, одан қалса еденге ұрды. Мені қылқындырып, жерге жатқызып алып тепкіледі. Аузымды қинап  ашып, ақ ұнтақ ішкізбекші болды. Бұл маған жасалған қастандық. Мен аман қалдым. Бұл нәрсені ұмытуға болмайды. Оның әрекеттері салдарынан мен өміріме және денсаулығыма қауіп төндіретін дене жарақаттарын алдым. Бірақ шабуылдан кейін қажетті тергеу әрекеттері уақтылы жүргізілмеді: оқиға орны қоршалмады. Бұл дәлелдердің жойылып кетуіне себеп болған болуы мүмкін”, – дейді қыз.

Екібастұз тұрғыны полиция өз ісіне салғырттық танытқанын айтты.

“Қылмыс іздерін қарау және тіркеу жүргізілмеді. Бөлмедегі қан іздері, мені ұрған заттар (шанышқылар, пышақтар), аузыма мәжбүрлеп салған ақ ұнтақ пен дәрілер тіркелмеді. Полиция қызметкерлерінің оқиға орнын тіркеу барысында жіберген салғырттық әрекеттеріне құқықтық баға беріп, кінәлілерді жауапкершілікке тартуды сұраймын. Мен онымен азаматтық некеде тұрмағанмын. Ол мені қасақана өлтірмекші болды. Сондықтан ресми түрде шағымданамын: кінәлі адам өз жазасын алуға тиіс. Мен әділеттілікті қалаймын”, – деп жазды жәбірленуші.

Айтуынша, оқиға болған күні полиция қызметкерлері келіп, ер адамды ұстап әкеткен. Алайда көп ұзамай шығарып жіберген.

«18 шілде күні полиция қызметкерлері келіп, мені ұрған адамды ұстап әкетті. Алайда көп уақыт өтпей 15 минуттан кейін оны босатып жіберді. Әкем артынша не себепті оны босатып жібергенін хабарласып сұрағанда «Ол мас емес» деп жауап берген. Мұның өзі күдік туғызады», - деп жазды жәбірленуші қыз.

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар