Берденовті бес рет атқан Ернар Жиембайдың неге мұндай әрекетке барғаны айтылды
- автор kyn.kz
- 28 шілде, 2025
- 553

Іс бойынша айыптаушы тараптың өкілі, прокурор Бауыржан Қараманов сотта айыптау актісін оқып, оқиғаның егжей-тегжейін баяндады.
Сот материалдарына сүйенсек, 2025 жылдың 21 сәуірінде Ернар Жиембай құрылыс нысандарын қадағалауға жауапты бөлім басшысынан ақпарат алған. Сол дерекке сәйкес, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовтің тапсырмасы бойынша «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС директоры қызметінен өз еркімен кетуі тиіс екені айтылған. Бұл хабарлама Жиембайдың ашуын туғызып, ол Берденовке қарсы әрекетке баруға бел буған.
Сол күні Жиембай ішімдік сатып алып, көлігінде ішіп, кейін үйіне барып, аң аулауға арналған «Сайга» мылтығын алып шығып, оны жұбайының көлігінің жүксалғышында біраз уақыт сақтаған.
Кешке қарай қала әкімдігіне келген ол Берденовті күтіп, оны көре салысымен бес рет оқ атқан. Шенеунік жерге құлағанымен, Жиембай жақындап тағы атуға әрекеттенген. Алайда ауыр жараланған Руслан Берденов қарсылық танытып, дәл сол сәтте жүргізушісі шабуылшыны көлігімен қағып, жағдайды бақылауға алған.
Аталған оқиға бойынша қылмыстық іс ҚР ҚК 24-бабы 3-бөлігі және 99-бабы 1-бөлігі («Адам өлтіруге оқталу») бойынша тіркеліп, басты сот отырысы 6 тамызда, сағат 10:00-де өтетіні хабарланды.