Белгілі ұстаз жас мұғалімдерге жемісті еңбек етудің негізгі қағидаларын ұсынды
- автор kyn.kz
- 20 шілде, 2025
- 47

Қазақстанға танымал ұстаз Бәкіжан Кәкім бала оқытудың жауапкершілігі мол екенін атап өтті. Ол үнемі ұстаздар мәселесін көтеріп, мұғалімдер құқығын қорғап, оларды себепсіз мазаламауды барша халықтан желі арқылы сұрап отырады. KYN.KZ тілшісіне берген сұхбатында мұғалімдікті адал атқара алмайтын адам, бұл салаға басын сұқпағаны жөн дейді. Егер ұстаз балаға үлгі болып, жол көрсете алмаса ол қоғамға, елдің болашағына жасалған кешірілмес қиянат дегенді айтты.
Ұстаз болу – бедел ме, жауапкершілік пе, құрбандық па?
Сіздерді қайдам, өзіме ұстаз болу ең әуелі жүгі батпандай жауапкершілік. Ел болашағы деп қатты айтпай-ақ қояйын, бірақ алдыңда отырған жәудіркөз балапандардың болашағының алдында сен жауаптысың. Олар ертеңгі күні сенің пәніңе махаббатпен қарай алмаса, берген біліміңді алып кете алмай жатса, түбегейлі сенің кінәң. Екіншіден құрбандық. Өзгенің баласын оқытып, жеткізіп жатқанда, өз балаларың жетімнің күйін кешіп қап жатады. Жеке өмір мектептің іші түгіл, сыртында да қалмайды. Жоғарыда айтқанымдай, мұғалім деген атқа лайық болу үшін, болмыс бітімің, түр-сипатың бәрі-бәрі сай болғаны абзал. Бірақ, зор бедел деп айта алмас едім. Өз басым қазанында қайнап, ішкі әлемін көргеннен кейін ғана, ұстаздарға басқаша көзбен қарай бастадым. Сый-құрметім бұрынғыдан да арта түсті. Өкінішке орай ұстаздық бедел, зейнетке жақындаған шағында, зейнетке шыққанында ғана сезілетін секілді.
Мұғалімнің ең басты құндылығы не деп ойлайсыз?
Әр адамға денсаулық пен уақыт, отбасы ерекше құндылық. Ал мұғалімнің құндылығы, қатты айтсам күлетін шығарсыздар, мектебінің абыройы, қағаздарының түгел болуы, оқушыларының жетістігі.Олай дейтінім, осы жолда денсаулыққа да, уақытқа да, отбасыңа да көңіл бөлмей кететін кездеріміз болады. Бұл ащы шындық. Бірақ оқу бітірген оқушыларың ағай деп сыйлап келіп жатқанда, «рақмет» айтқанда, сіздің жолыңызды қуып, мұғалім болам дегенді естігенде сенен бақытты, сенен бай адам жоқ. Мұғалімнің басты құндылығы – шәкірт жүрегіне жол табу десек те болады. Ол тек сабақ үйретіп қоймайды, өмірлік бағыт көрсетеді, рухани үлгі болады. Бұл – ұлы мамандықтың ең асыл мәдениеті.
Биылдан бастап мұғалім болып қызметтерін бастағалы жатқан мамандарға қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз?
1. Бірдеңені білмеймін деп айтуға еш қорықпа! Ұжымдағы алдыңғы толқын ұстаздар қашанда көмек қолын созуға дайын.
2. Нағыз ұстаз боламын деген талпынысың болса, міндетті түрде сынып жетекші болуға тырыс. Сынып жетекші әр оқушысын ата-анасынан артық білуі керек.
3. Міңгірлеме! Ойыңды ашық әрі нақты жеткіз. Әсіресе, ұжым арасында.
4. Бос уақытың болса, әріптестеріңнің сабағына сұранып кір. Көре бара көп дүниені үйреніп қана қоймай, артықшылықтарын, ерекшеліктерін білетін боласың. Шыңдаласың!
5. Әр сабағыңда балалардың көзінде жалын пайда болып жатса,бағытың дұрыс. Ешкімді бөле жарып қарама!
6. Қағаздарыңды дұрыстай жүр, бағаларыңды уақытылы күнбе күн қойып отыр.
Бастысы іштегі үрей, қорқынышты ысырып қойып, үнемі іздене білуді әдетке айналдыру керек. Мектебіңнің, оқушыларыңның жеке «фанатына» айналғаның дұрыс. Міні, осындай ақыл кеңестер беретін едім.