Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Алматыдағы тұрғынүй кешенінде экс-депутаттың ұлы күзетшіні өлтірді: марқұмның әйелі оны өмір бойына соттауды сұрайды

Алматыдағы тұрғынүй кешенінде экс-депутаттың ұлы күзетшіні өлтірді: марқұмның әйелі оны өмір бойына соттауды сұрайды
Сурет: видеодан скриншот
Аса қатыгездікпен өлтірілген күзетшінің әйелі сот шешімімен келіспейтінін жеткізді.

Алматы қалалық сотына «Меркур Тауэрс» тұрғын үй кешенінің күзетшісін қатыгездікпен өлтіру ісі бойынша үкімге апелляциялық шағымдар келіп түсті, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі.

Марқұмның жұбайы Әсем Молдақұнова Алматы қалалық сотына апелляциялық шағым түсірді. Жәбірленуші тараптың адвокаты Арман Шәріпов Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында үкімді тым жеңіл деп санайтынын айтты.

«Біз, жәбірленуші тарап, бірінші сатыдағы сот шешімімен келіспейміз және бұл жаза тым жеңіл деп санаймыз. Айыпталушыға тағылған бап өмір бойы бас бостандығынан айыруды көздейді. Сондықтан біз жаза шарасын өзгертіп, оған ең жоғарғы жазаны — өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұраймыз. Сонымен қатар, моральдық зиян бойынша талаптарымыз да толық қанағаттандырылған жоқ. Біз барлық талап-арыздарымызды толық қанағаттандыруды сұраймыз», – деді Шәріпов.

Оның айтуынша, жәбірленуші тарап соттан 100 миллион теңге көлемінде өтемақы талап еткен, алайда сот тек 20 миллион теңгені ғана қанағаттандырған.

Шәріповтің айтуынша, айыпталушы тарап та апелляциялық шағым берген – олардың адвокаты үкімді тым қатал деп санап, жазаны жеңілдетуді сұрайды.

Апелляциялық шағымдарды қарау 29 шілдеге белгіленген болатын. Алайда сот процеске айыпталушыны қоса алмағандықтан, отырыс кейінге шегерілді.

Еске салсақ, 2024 жылдың наурыз айында 45 жастағы алматылық ер адам «Меркур Тауэрс» тұрғын үй кешенінің күзетшісін бірнеше рет жол талғамайтын көлігімен басып, кейін оның басына секірген. Оқиға бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Күзетші ауыр жағдайда ауруханаға жеткізіліп, сол жерде көз жұмды.

Жанжалдан шығуына күзетшінің ер адамды ауладан шығармауы себеп болған. Бұл талапты ер адамның ата-анасы қойғаны белгілі болды. Куәгерлердің айтуынша, күдікті ата-анасымен бірге осы кешенде бірнеше жыл бойы тұрған. Ол нашақорлыққа тәуелді болған және көршілерін үнемі үрейде ұстаған.

2025 жылдың 9 сәуірінде сот айыпталушыны ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігінің 5-тармағы («Айрықша қатыгездікпен жасалған адам өлтіру») және 147-бабы 5-бөлігі («Жеке өмірге қол сұғу және дербес деректер туралы заңнаманы бұзу») бойынша кінәлі деп танып, 22 жылға бас бостандығынан айырды.

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар