Орынгүл Алмат: Балаңыз телефон арқылы не көріп, не түсіріп жүргенін қадағалаңыз
- автор kyn.kz
- 24 шілде, 2025
- 54

Филиолог, балаларды кітап оқуға қызықтырып жүрген блогер Орынгүл Алмат ата-аналарға баланың шығармашылығы мен қызығушылығына жауапты қарауды ұсынды. Маман баласының тілін қазақша шығарғысы келетін аналарға өз ұсыныстарын айтты. Сөзінше кей балалар қолындағы телефон арқылы ата-анасы білмейтін тілді меңгеріп алады. Сол себепті де ана тіліне ден қойған аналар, баланың қолына телефонды ұстата салмастан, көріп, тыңдайтын дүниесін талғаммен таңдап бергені жөн екен.
«Қазақ тіліндегі балалар контенті өте сәтті. Балаларымыз өз тілімізде контентті пайдаланса жаман болмайды. Иә, шетелдік youtube арналар көп, кейбір ата-аналар сондайды көп қосып жатады. Бірақ, оны ешкім сүзгіден өткізбейді. Ал өз тіліміздегі контенттерді алайық. Ол балалар туралы түрлі кітаптар, “Balapan” телеарнасындағы түрлі мультфильмдер мен анимациялық фильмдер, тіпті балаларға арнап контент түсіріп жүрген қазақша youtube блогерлер де бар. Қазақ тіліндегі ойыншықтар да көп. Соның барлығын балаларға дұрыс, жүйелі түрде ұсынсақ, балаларға қызығушылықтарын оятсақ, қазір қазақша контентті көбірек ұсынсақ дұрыс жаққа қарай, баланың дұрыс бағытқа бұруына себепкер боламыз. Ешқандай фильтр жасалмаған, интернетте тарап жүрген видеолар балаларға көбірек зиянын тигізеді. Балаға әйтеуір көрсін қосып қойып жатамыз. Шетелдің сапасыз дүниелерін ұсына бергеннен, өзіміздің контентті ұсынған мың есе артық», - дейді блогер Орынгүл Алмат.
Балалардың шығармашылық қабілеті 4 жасында ең жоғары деңгейде, бірақ 5–6 жастан кейін күрт төмендейді. 1960‑шы жылдарға қарай жүргізілген NASA зерттеуі 5 жасар балалардың 98 %‑ы «гениалды» деңгейдегі шығармашылық қабілет көрсететінін, ал 15 жаста бұл көрсеткіш 12 %‑ға, ал ересектерде тек 2 %‑ға дейін төмендейтінін анықтады.
Balapan.kz, Zhas.kz сияқты платформалар балалар шығармашылығын дамыту және жариялау арқылы қазақ тілі мен мәдениетін қолданып, контент сапасын қамтамасыз етуде.