Нұрайым Шақимерген: Әр адам әділетті болса, қоғамда заңсыздық болмайды
- автор kyn.kz
- 20 шілде, 2025
- 281

Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Нұрайым Шақимерген әр қазақстандық өз құқығын білсе, өмір сүру, нәтижеге жету, қоғамдағы тәртіп барлығы тұтас реттеле түсетінін атап өтті. Ол "болып жатқан жағдайға қатысты заңның тілін білмесең, адамгершілік аясында әрекет жаса" деген ұсынысын айтты.
Соңғы енгізілген заңнамалық өзгерістердің қайсысы аса маңызды деп ойлайсыз?
Соңғы кезде саяси реформалар көп болды. Мені қуантқаны — халықтың таңдауына көбірек мүмкіндік беретін өзгерістер. Мысалы, бұрын мәслихатқа, мәжіліске тек партия арқылы ғана өтетін болса, қазір жеке адамдар да кандидат бола алады. Бұл — халықтың даусын көбірек естуге жол ашты. Қарапайым, беделі бар адамдар сайлауға түсіп, өз ойын айтып, халыққа қызмет етуге мүмкіндік алды. Сонымен қатар, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңдар да қатайды, балалардың құқығын қорғау жағы да жақсарды. Бұл да өте маңызды қадам деп ойлаймын.
Қоғамдағы әділеттілікті орнату үшін әр адам неден бастауы керек?
Меніңше, бәрі әр адамның өзінен басталады. Әділетті болу — үлкен, биік сөз емес. Ол кішкентай істерден көрінеді. Үйде балаңа әділ болу, жұмыста әріптесіңе әділ болу, көшеде кезекте тұрғанда да біреудің жолын кеспеу — осының бәрі әділет. Әркім өзінен бастап әділ болса, қоғамда да әділеттілік көбейеді. Біз көбіне әділетті өзгеден күтеміз: мемлекеттен, соттан, басқадан. Ал әділдікке өзіміз үлес қосатынымызды ұмытып кетеміз. Сол үшін өзіңнен бастауды үйрену керек деп ойлаймын. Сол кезде ғана бүкіл әлемде, айналамызда әділеттік орнайды, оған әрбіріміз үлесімізді қосамыз.
Қорытындылай келе,біздің елде адам құқықтарын қорғау бағытында алға жылжу бар, бірақ әлі де жұмыс көп. Мемлекет те өз рөлін атқару керек, халық та белсенді болып, құқықтарын қорғауды үйренуі керек. Ең бастысы — заңды да, әділеттілікті де бірге алып жүру. Сонда ғана біз әділ қоғамға жақындаймыз.
Мен үшін бұл сұхбат өте маңызды болды. Осындай маңызды тақырыптарды талқылауға мүмкіндік бергендеріңіз үшін kyn.kz редакциясына шын жүректен алғысымды білдіремін. Қоғамды ойландыратын, тәрбиелейтін сұрақтарды күн тәртібіне шығарып жүргендеріңіз үшін де алғыс айтамын. Шығармашылық табыс тілеймін!
2020 жылдың соңында Қазақстанда 6 766 коммерциялық емес ұйым (ҮЕҰ) тіркелген:
– 4 957 қоғамдық ұйым;
– 1 542 қайырымдылық қоры,;
– 267 басқа түрдегі КЕҰ;
30 жыл ішінде ұйымдар саны 100-ден өсіп, қазіргі таңда 22 000-ға жеткені айтылған.
Қазақстанда азаматтық қоғам институциялары ұйымдастырылып, заңдық және қаржылық қолдауы күшейіп келеді. Дегенмен азаматтық қатысу деңгейі (CPIA индекс) орта деңгейден төмен болып қала береді, бұл демократия мен қоғамдық бақылауды дамытуды қажет етеді. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар мен гранттар арқылы қоғамдық бастамалар қаржыландырылып, форумдар мен диалог алаңдары жүйелі өткізіледі.