«Бір сағат кейін»: Мемлекеттік қызметте істейтін ата-аналар өзіне икемді жұмыс уақытына өте алады
- автор Томирис Тоныкөк
- 30 шілде, 2025
- 65

Ерте тұрғанның бір ісі артық. Мемлекеттік қызметкерлер үшін жұмыс уақыты бір сағатқа кейін шегерілгелі бері, шенеуніктер жеке істерге уақыт бөлуге мүмкіндік артқанын айтып, бұл өзгеріске оң бағасын беруде. Дегенмен ерте келгісі келмейтіндер де өз ыңғайына қарай жұмыс уақытын таңдай алатын көрінеді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
«Балабақшаға немесе мектепке баратын кішкентай балалары бар ата-аналар икемді жұмыс режиміне өте алады. Олар өз кестесін өзі белгілейді. Жұмысқа 9-да, тіпті 10-да келуге рұқсат етіледі. Бірақ сегіз сағат жұмыс күнін сақтау шарты сақталады», - дейді Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті төрағасының орынбасары Ерболат Абулхатин.
Қызметкерлер жұмысқа нешеде келетінін өздері шешсе де, басты талап 8 сағаттық жұмыс уақытының сақталуы. Бұдан бөлек, Еңбек вице-министрі алдағы бірнеше жылда елімізге шамамен 3 миллион маман қажет болатынын атап өтті. Себебі технология дамыған сайын еңбек нарығында жаңа кәсіптер пайда болуда. Бұл оқу бағдарламаларын жасау, грант бөлу және кадрларды қайта даярлау ісінде ескерілуі тиіс. Сонымен қатар 2029 жылға дейін 3 жарым миллионға жуық адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Вице-министрдің айтуынша, жыл басынан бері 250 мыңнан астам адам жұмысқа орналасқан, оның 38 пайызы жастар. Алайда, оқуын аяқтаған түлектердің 30 пайызы мамандығы бойынша жұмыс істемейді деген мәселе әлі де бар.