Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

NEF Uptown құрылыс компаниясынан пәтер сатып алған алматылықтар баспанасыз қалуы мүмкін

NEF Uptown құрылыс компаниясынан пәтер сатып алған алматылықтар баспанасыз қалуы мүмкін
Сурет: видеодан скриншот
Алматыда құрылыс компаниясынан 40 миллион теңгеге пәтер сатып алған алматылықтың баспанасы өзіне тиесілі емес болып шықты.

Алматының элиталы ауданынан үй алған тұрғын пәтерін заңдастыра алмай жүр. Ол отбасының баспанасыз қалуы мүмкін екенін айтады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

“Nef Uptown” тұрғын үй кешеніне қатысты сот процесі әлі де жүріп жатыр. Бұл тұрғын үй дауы ағымдағы жылдың мамыр айының соңында басталған болатын.

Алматылық жаңа пәтерінде бір жылдан бері тұрып келеді. Алайда қыруар ақшаға сатып алған пәтері басқа адамға тиесілі болып шыққан. Синан Өзтүрік мұндай жағдайда жүргендердің саны 30-ға жететінін айтады.

Бір жыл бұрын бұл пәтердің кілтін оған «RAMS Kazakhstan» табыстаған. Барлығы заң жүзінде жүргізілген. Оның айтуынша, 2024 жылы баспанасын Қадырбаев деген азаматтан 40 миллион теңгеге сатып алып, 25 миллионға жөндеу жұмыстарын жүргізіпті. Алайда арада бір жыл өткеннен кейін пәтердің үшінші тұлғаға сатылғаны туралы естиді. Оның баспанасы  –   RAMS Kazakhstan директоры Рамазан Доганның ұлы Бюльбюль Доганға қайта сатылған.

«Жөндеу жұмыстары кезінде компания қызметкерлері барлығынан хабардар болды, біз олардан барлық қажетті заттарды – терезелерді, жетіспейтін материалдарды алып отырдық. Ештеңе олардың рұқсатынсыз жасалмады. Құжаттарды көрсеткен кезде бәрі дұрыс, жақында техникалық төлқұжат беріледі деп айтылды», - дейді Синан Өзтүрік.

Бұл мәселеге қатысты KYN.KZ тілшісі алданған азаматтардың құқығын қорғап жүрген заңгер Салтанат Қорғасбекованың пікірін сұрап білді:

«Бұл пәтерге ақша толық төленген, алдын ала келісімшартқа қол қойылған. Нотариус арқылы да қағаздарға қол қойылған. NEF Uptown құрылыс компаниясының директоры ақшаны алғанын айтып отыр. Қазіргі кезде ол қамауға алынды. Жақын арада оған қатысты іс сотқа жолданады. Жәбірленуші сатып алу, сату келісімшартына қол қою кезінде ғана пәтердің өзіне тиесілі емес екенін білген. Кейін бұл мәселені анықтау барысында  «RAMS Kazakhstan» директоры Рамазан Доганның үш ұлының біріне сатылып кеткені белгілі болады. Ол пәтерді көрмей жатып қалай сатып алады деген сұрақпен біз компанияға жүгіндік. Ондағылар мәселені шешеміз деп бізді қайтарып жібереді. Бірақ бес күннен кейін «RAMS Kazakhstan» пәтерді ұлы Бюльбюль Доганнан қайта сатып алады. Олардың пәтерді сатып алу және сатуы заң жүзінде дұрыс. Бірақ бұл жерде олардың іс-әрекеттері дұрыс болмай тұр. Біз компанияға бұл мәселемен қаншама рет бардық, бірақ ешқандай кері байланыс жоқ. Қазіргі кезде екі келісімшарттың күшін жою туралы сотқа беру жоспарымызда бар», - дейді заңгер.

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар