«Өз жолым, өз ұстанымым бар»: Мирас Жүгінісов мешітке барған қыздарды кінәлаған ағасы Рүстем үшін кешірім сұрады
- автор Томирис Тоныкөк
- 1 тамыз, 2025
- 532

Белгілі әнші Мирас Жүгінісов Ақтөбедегі мешітте болған оқиғаға қатысты пікір білдіріп, қоғамда резонанс тудырған ағасы үшін кешірім сұрады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы өнер иесі жеке парақшасында бөлісті.
“Соңғы күндері ағамның айтқан пікірі қоғамда үлкен резонанс тудырып, кейбір жандардың көңіліне тиіп жатыр. Ол өз ойын білдірген жеке тұлға. Мен өз жолым, өз ұстанымым бар адаммын. Мен отбасымның әр мүшесін құрметтеймін, бірақ олардың жеке көзқарастары менің ойыммен әрдайым сәйкес келе бермейді. Сол үшін де кейбір кезде мәселелер туындайды. Оларды осылай айтып отырамын деп ойламадым. Не айтқым келгенін сіздер түсініп отырсыздар”, – деп жазды әнші.
Ол өзінің әйел адамына деген құрметі мен сыйластығы жоғары екенін жеткізді.
“Менің шығармашылығым адамға құрмет жайлы. Нәзік жандыларға арналған әндерім де бар. Өйткені әйел адамның орны менің өмірімде ерекше. Бұл жағдайдан көңілі қалған барша жаннан кешірім сұраймын. Сіздердің сенімдеріңіз мен үшін өте маңызды”, – деп жазды Мирас.