Өскеменде 8 жасар бала әткеншектен құлап көз жұмды: кінәлі деп танылған тәрбиешілер рақымшылыққа ілінді
- автор Томирис Тоныкөк
- 1 тамыз, 2025
- 429

Шығыс Қазақстанда лагерьде саябақтағы әткеншектен құлап қайтыс болған балаға қатысты іс бойынша тәрбиешілерге үкім шықты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Өскемен қаласының тұрғыны өткен жылы 11 шілдеде екі баласын күндізгі топқа әкелген. Тәрбиешілер балаларды тиісті келісімшартсыз қабылдап, барлық жауапкершілікті өз мойындарына алады. Бірақ ешқандай түсіндіру жұмыстарын жүргізбестен 6-10 жас аралығындағы 27 баламен бірге “Сәулетай” саябағына барған.
“Серуен кезінде бала қараусыз қалып, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған ақаулы әткеншекке мініп, құлап, дене жарақатын алған”, – деп мәлімдеді сот.
Бала 11–23 шілде аралығында медициналық мекемеде ес-түссіз жатып, 12 күннен кейін қайтыс болды.
Айыпталушылар бұл жағдайды жазатайым оқиға деп санап, өз кінәлерін мойындамады. Сот айыпталушылардың кәмелетке толмаған балаларының бар ескеріп, оларды 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар оларды екі жылға педагогикалық қызметтен және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты қызметтерден шеттетті.
Алайда 2025 жылғы 23 маусымда қабылданған “Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы” Заңның негізінде, сот оларды негізгі жазадан босатты. Азаматтық талап арыз ішінара қанағаттандырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.