"Бәpіміздің қабырғамызды қайыстырды": Берік Уәли Үржар ауданында болған қайғылы оқиға байланысты көңіл айтты
- автор kyn.kz
- Бүгін, 15:40
- 39

Абай облысының әкімі Берік Уәли Үржар ауданында болған жол-көлік оқиғасының салдарынан балаларының айырылған отбасыларға көңіл айтты. Бұл туралы әкімдікке сілтеме жасаған KYN.KZ хабарлайды.
"Үржар ауданында болған жантүршігерлік оқиға бәpіміздің қабырғамызды қайыстырды. Көлік қағып кеткен балалардың қазасына байланысты орны толмас ауыр қайғыға душар болған отбасыларға өзімнің және бүкіл Абай облысы жұртшылығының атынан қайғырып көңіл айтамын!
Әкімдік жарақат алған балаларды президенттің тапсырмасымен Астанадан арнайы келген еліміздегі білікті дәрігерлер емдеп жатқанын, бұл жағдай облыс әкімдігінің тұрақты бақылауында екенін еске салды.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Абай облысында жол-көлік оқиғасынан үш бала көз жұмып, тағы үшеуі түрлі жарақаттарымен ауруханаға жеткізілгенін жазған едік.
Полицияның мәліметінше, алдын ала деректерге сәйкес, оқыс оқиға 19 тамызда сағат 16:00 шамасында Абай облысының Үржар ауданы Бестерек ауылында болған. Toyota автокөлігінің 55 жастағы жүргізушісі рөлге ие бола алмай, үй қақпасының жанында тұрған балаларды қаққан.
Салдарынан кәмелетке толмаған екі бала оқиға орнында көз жұмса, біреуі ауруханаға бара жатқан жолда қаза болған. Зардап шеккен тағы үш бала ауруханаға жеткізілген.
Жүргізуші ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Медициналық сараптама оның жол апаты кезінде масаң күйде болмағанын көрсеткен. Қазіргі уақытта тиісті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша оқиға орнына зардап шеккен балаларға медициналық көмек көрсету үшін бортында нейрохирург, травматолог және реаниматолог сынды мамандар бар Қорғаныс министрлігінің С-295 әскери-көлік авиация ұшағы жіберілді.
Кейінірек Денсаулық сақтау министрлігі зардап шеккен балалардың қазіргі жағдайы туралы мәлімет берді. Олардың біреуінің жағдайы өте ауыр, қалған екеуінің жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланып отыр.
Сондай-ақ облыстық әкімдік жол-көлік оқиғасының салдарынан зардап шеккен балаларға қатысты жаңа деректерді жариялады. Әкімдіктің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы салдарынан 2-7 жас аралығындағы үш бала көз жұмған, сонымен қатар 6-9 жас аралығындағы тағы үш бала жарақат алған. Белгілі болғандай, зардап шеккендер екі отбасының балалары.