Қазақстан Конституциясына 30 жыл: коллекциялық монеталары айналымға шықты
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 11:17
- 74

Қазақстан Ұлттық Банкі "Қазақстан Конституциясына 30 жыл" коллекциялық монеталарын айналымға шығарды. Монеталар бүгіннен бастап Ұлттық банктің интернет-дүкенінде сатылымда, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Қазақстан Ұлттық банкінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұлттық банк мәліметінше, жаңадан шыққан монеталарда ел Конституциясын айшықтайтын ашық кітап және оның үстінде Қазақстан картасының контуры фонында "30" саны бейнеленген. Қазақстан картасының дәл ортасына күнді бейнелейтін шаңырақ орналасқан.
"30" санын бейнелеу ісінде алтын жалату технологиясы қолданылған. Монетаның ерекшелігі де сонда.
Монеталар:
- алтын жалатылған 925 сынамды күмістен жасалған. Массасы 31,1 грамм, диаметрі 38,61 мм, дайындау сапасы – «proof», номиналы 1 000 теңгелік, таралымы – 1 000 (бір мың) дана;
- нибрасс/нейзильбер қоспаларынан (биколорлы) жасалған. Массасы 6,45 грамм, диаметрі 24,5 мм, дайындау сапасы – «uncirculated», номиналы 100 теңгелік, таралымы – 5 000 000 (бес миллион) дана.
Коллекциялық монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында өздерінің белгіленген құнына сай төлемнің барлық түрі бойынша қабылданады, сондай-ақ елдің барлық банкіндегі банктік шоттарға есепке алынады және оларды аударым жасауға, ұсақтауға және айырбастауға болады.
Коллекциялық монеталар Қазақстан теңге сарайында дайындалды. Монеталар бүгін, 27 тамызда Ұлттық банктің интернет-дүкеніне сатылымға шықты.