Баланы мектепке қанша жастан берген дұрыс: мамандар кеңесі
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 14:18
- 41

Жыл сайын жаңа оқу жылы басталар алдында көптеген ата-ана баласын мектепке 6 немесе 7 жастан беру керек пе деген сұрақтар талқыланады. Мамандар баланың жасына емес, оның психологиялық және физиологиялық дайындығына назар аудару керек дейді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Әлия Адакенова – тәжірибесі мол, төрт баласы бар ана, Тұңғыш қызын 7 жасында бірінші сыныпқа берген және бұл шешімін дұрыс деп санайды. Ал ұлын күтпей, алты жасында мектепке жіберді. Қазір көпбалалы ана ол кезде асыққанын мойындайды.
"Балам тым кішкентай болды. Таңертең ерте тұруға қиналды, сабақта жиі ұйықтап қалатын. Тіпті сөмкесінен мұғалім ойыншық тауып алатын. Өзі де "Анашым, барғым келмейді" дей беретін. Екінші сыныпқа барғанда ғана қызығушылығы артты", – дейді көпбалалы ана.
32 жылдық тәжірибесі бар бастауыш сынып мұғалімі Жібек Үтепова да баланың мектепке дайындығы жасына ғана байланысты емес екенін айтады.
"Алты жасында мектепке барып, жеті жастағылардан қалыспайтын балалар да бар. Керісінше, жеті жаста болып та бейімделе алмайтындар кездеседі. Ал бес жаста мектепке бару өте сирек әрі әрдайым қиын жағдай. Себебі мұндай балалардың ойынға қызығушылығы басым, олар әлі мектепке физиологиялық та, психологиялық та дайын емес. Бала оқи білуі, санауы немесе тіл меңгеруі дайындықтың негізгі көрсеткіші емес", – деді ұстаз Жібек Үтепова.
Психолог Дармина Попова да бұл пікірді қолдайды. Оның айтуынша, кейбір балалар 6 жасқа жетпей-ақ мектепке бейімделе алады, бірақ бұл үлкен дайындықты қажет етеді.
"Әдетте, бұл ата-ананың жүйелі еңбегінің арқасы. Балаға психологиялық, физиологиялық дайындық беріп, оны мектеп ырғағына үйреткен жағдайда ғана оңай болады. Кейбір ата-аналар баланың бойына жарыс рухын да сіңіреді", – деді маман.
Мамандардың сөзінше, баланың эмоционалдық, психологиялық және физиологиялық дайындығын ескеру керек.