«Айлық – 320 мың теңге»: әскери қызметкерлердің әйелдері оларды тұрғын үй төлемдерінен айыруына наразылық білдірді (ВИДЕО)
- автор Томирис Тоныкөк
- 5 қыркүйек, 2025
- 37

Қазақстандық әскери қызметкерлердің әйелдері айлықтың аздығына шағымданып, әскерилерді тұрғын үй төлемдерінен айыру туралы шешімге наразылық білдірді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі “Азаттық радиосына” сілтеме жасап.
Айдана Досаева – әскери қызметкердің әйелі. Ол жақында майор шенін алған күйеуінің 320 мың теңге айлық алатынын, мемлекет осыған дейін отбасының бір жыртығын жамап отырған тұрғын үй төлемдерінен айырғанын айтып, шыр-пыр болды.
“Әскеридің әйелі ретінде бұл – менің жанайқайым. Күйеуім офицер болу үшін 5 жыл оқыды. Қазірге дейін ол 270 мың теңге айлық алып жүрді. Бір ай бұрын майор шенін алып, айлығы 320 мың теңгеге өсті. Біз коммуналдық төлемдерді қосқанда 150 мың теңгеге пәтер жалдаймыз. Тұрғын үй төлемдерінен 70 мың теңге қалады. Әрең күн көріп жүр едік. Ақша жинау, саяхаттау, қыдыру туралы айтпай-ақ қояйын, бұл – біз үшін арман. Енді осы айдан бастап бізге тұрғын үй төлемі берілмеді. Неге әскерилерді тығырыққа тірей бересіздер? Жөргек керек. Күйеуім жұмыстан келіп түскі уақытта таксимен адам тасимын деді. Өйткені түскі уақытта такси қызметін қолданатындар көп болады”, – деп шағымданды желі қолданушысы.
Айдана күйеуінің дұрыс ұйықтамағаннан көз алдында денсаулығы нашарлап бара жатқанын айтты. Ол күн көру үшін алтындарын сата бастаған. Сондай-ақ күн сайын азық-түлік те қымбаттап жатқанын еске салды.
Бұған дейін әскерилердің айлығы аз болғандықтан оларға әр отбасы мүшесі үшін тұрғын үй төлемі берілетін. Алайда қорғаныс министрлігі маусым айында тұрғын үй төлемдерінің өз орнымен жұмсалып жатпағананын желеу етіп, оны тоқтатып тастады. Министрліктің мәліметінше, тұрғын үй төлемақысын тек жалға алған пәтерге, ипотека төлеуге немесе үй алу мақсатындағы жинаққа салу керек.
“Офицер тіпті курьерден де аз табады деуге болады. Алматыда курьердің ақша табу мүмкіндігі офицерден көбірек. Ал офицер таңнан кешке дейін қарауылда тұрады. Ол дұрыс сұрақ қойып отыр: кіші офицерлік құрамды ақшалай төлемдерден айырды. Енді олардың алдында дилемма тұр – әрі қарай қалу ма, әлде кету ме? Енді бәрі, әсіресе кіші офицерлер жаппай жұмыстан кетуі мүмкін”, – дейді Шекара қызметінің запастағы подполковнигі, бұрынғы әскери қызметкер Ғалымжан Садвақасов.
Оның айтуынша, қазірдің өзінде әскерде кадр тапшылығы байқалады.
Сарапшылардың сөзінше, мұндай жағдайлар азаматтардың әскери қызметке деген қызығушылығын жойып, тіпті елдің қорғаныс қабілетіне кері әсерін тигізеді.
“Менің білуімше, қаржыландыруды көбейту қажет деген белгілі бір түсінік бар. Бірақ мұнда қаражат бөлінетін құрылымды да ескеру керек. Егер әскерде сыбайлас жемқорлық жоғары болса, есеп беретін институттар жоқ болса, әскердегі әлімжеттік, заңға қайшы қарым-қатынастарды анықтауға көмектесетін тетіктер болмаса, армияның құрылымы әлсіз болса, яғни ол дұрыс ұйымдастырылмаған жағдайда, қаржылық салымдар мәселені толық шешпейді”, – деп түсіндірді саясаттанушы Димаш Әльжанов.
Ғалымжан Садвақасовтың айтуынша, мемлекет әскери қызметкерлердің жалақысын арттыруға қауқарлы, ол үшін тым көбейіп кеткен қызмет көрсетуші қызметкерлердің штат санын қысқарту керек. Оның сөзінше, мұндай қызметтерде көбіне жоғарғы офицерлік құрам өкілдерінің жақын туыстары отырады, ал олардың елдің қорғаныс қабілетіне ешқандай пайдасы жоқ.
@muxtar96indira1 #рекомендации ♬ оригинальный звук - Индикон
Ұқсас жаңалықтар
Алматыда самокат мінген екі бойжеткенді автобус қағып кетті (ВИДЕО)
- авторТомирис Тоныкөк
- 5 қыркүйек, 2025