Күзде адамдар не себепті күйзеліске жиі түседі: маман кеңес берді
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 10:05
- 52

Күз мезгілінде адамдардың көңіл күйінде өзгерістер байқалып жатады. Кейбіреулердің жұмысқа еш зауқы соқпай, шаршап, беймаза күйде болады. Мамандар бұл уақытты "күзгі апатия" деп атайды. Қалай шығудың жолдарын айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы психолог практик Іңкәр Төлегенова Jibek joly телеарнасындағы "Бүгін LIVE" бағдарламасына сұхбат беріп, одан шығу жолдарын көрсетті.
"Апатия мен депрессияны шатастыруға болмайды. Апатия маусымдық өзгерістерге байланысты болса, депрессия көбіне адамның ішкі жарақаттарынан туындайды", - дейді психолог.
Оның сөзінше, күзгі көңілсіздіктің негізгі себебі – күннің қысқарып, түннің ұзаруы, биологиялық ырғақтың өзгеруі. Бұған қоса, жазғы демалыстан кейінгі жұмысқа бейімделу кезеңі де адам психологиясына әсер етеді.
Психолог апатиядан шығудың бірнеше жолын атады:
- демалысқа уақыт бөлу қажет;
- позитивті ойлауды дағдыға айналдыру керек;
- спортпен шұғылданып, күн сәулесін көбірек қабылдаған жөн;
- дұрыс тамақтану мен дәрумендерді қолдану маңызды;
- жақындармен қарым-қатынасты үзбеу қажет.
Егер көңілсіздік үш аптадан ұзаққа созылса, психолог мамандарға жүгінуге кеңес береді.