Семейде технология колледжінің студенттері нан өнімдерін өздері пісіріп, сатуды қолға алды
- автор kyn.kz
- Бүгін, 18:25
- 49

Жарма технологиялық колледжі нан өндірісіне қажетті жұмысшы мамандықтарын дайындайтын бірден бір оқу орыны. Болашақ технологтардың кәсіби біліктілігін арттыру үшін, оқу орыны жанынан наубайхана ашылды. Енді студенттер «Алтын Шарда» наубайханасы арқылы нан өнімдерінің түрін ұсынатын болады.
Бұл шағын наубайхананы ашудағы мақсат мынада. Колледже білім алушылардың оқығанын тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік беру. Сосын, дуалды оқытуды дамыту, студенттерді нақты өндірістік ортада тәжірибеден өткізу және кәсіби дағдыларын жетілдіру. Мұнда студенттер қамырды илеу, нан пісіру мен дайын өнімді сату процесіне дейінгі барлық кезеңдерді меңгереді. Жұмыс кезеңдері өндірістік тәртіп пен сапа талаптарына сәйкес ұйымдастырылған.
ГҮЛЖАН ҚАЛИЕВА, АРНАЙЫ ПӘНДЕР ОҚЫТУШЫСЫ
Өндірістік тәжірибе өзіміздің шағын кәсіпорында өтетіні қуантарлық жағдай. Болашақта нан пісірудің біліктілігін оқыту жоспарланып отыр. Осы кәсіпорында нан пісіруді, пекарь біліктілігінің қыр-сырын үйреніп, өндірістік дағдыларын жетілдіреді. Нан-тоқаш өндіру шағын цехы студенттердің кәсіби тәжірибе алуына жағдай жасайды. Жұмысшы мамандыққа деген қызығушылықтарын арттырады.
Шағын цехта «LAI BAO» компаниясының жаңа электр пеші, қамыр илейтін құрылғылары орнатылған. Заманауи пеш нан мен нан-тоқаш өнімдерін пісіруге мүмкіндік береді. Қазір білім ордасында тамақтануды ұйымдастыру мамандығында 36 студент оқып жатыр. Наубайхана – білім алушылардың оқи жүріп кәсіби дамуына жақсы мүмкіндік береді.
МЕЙРАМГҮЛ ӘУКІШЕВА, ОБЛЫСТЫҚ ИННОВАЦИЯЛЫҚ-ӘДІСТЕМЕЛІК ОРТАЛЫҚТЫҢ ӘДІСКЕРІ
Бұл колледжде тамақтану мамандығы бойынша көптеген студент білім алуда. Биылғы жылы 70 бала студент атанды.Тамақтану мамандығында өте көп біліктіліктер бар. Соның бірі – наубайханашы. Наубайханашы біліктілігі бойынша 100 пайыздық дуалды оқыту жүргізіліп жатыр. Яғни, теория мен тәжірибені бірге алып жүреді. Сондықтан, бұл үлкен мүмкіндік деп есептеймін.
Колледжде қазір 171 студент білім алуда. Оқу орны 7 мамандық бойынша даярлайды. Жаңа оқу жылында студенттерге наубайхана ісімен айналысу мүмкіндігі ашылды. Бүгінгі студент - ертеңгі маман. Көре жүріп, үйрене жүріп білім алғандардың келешекте жеке кәсіп бастауға деген қызығушылығы артатыны сөзсіз.
Болашақта өз кәсібін немесе қандай да бір наубайханаға жұмысқа тұрғысы келетін студенттерге бұл жайт өте тиімді болмақ. Себебі білім ордасының қабырғасында жүріп, тәжірибеден өтіп, оқу мен практиканы ұштастыра алады. Бұл жерде білім алушылар тамақ саласындағы жеті бағыт бойынша білім алады. Жаңадан ашылған наубайхана қазір ашылғанымен алдағы уақытта бағытын кеңейтіп, бұдан әрі даму үстінде боламыз деп отыр. Ал, студенттер өз кезегінде дән риза.
«Мен 3-курс студентімін. 1-2-курста түрлі ірі наубайханалардан тәжірибеден өтуге сұрандық, еңбек еттік. Енді осы жерден жұмыс істеп, әрі тәжірибемізді арттыратын боламыз. Колледжді тәмәмдаған кезде бірден дайын маман болып шығамыз деген үміттемін. Өйткені, ірі наубайханалар тәжірибесі бар мамандарды жұмысқа жақсы айлықпен, тез алады. Егер маман ретінде өзіме сенімділік пен күш-жігер ала алсам жеке наубайханамды ашу ды да қалар едім. Өйткені бұл өнер әрі табыс көзі. Әрине біздің мамандық бойынша үй жағдайында да түрлі тәжірибелер жасауға болады. Бірақ өндіріс орнының , ірі наубайхананың, көпшілік ортаның орны бөлек. Бізге ұсынылған техникаларды қолданып, олардың қыр-сырын түсінудің өзі үлкен тәжірибе»,-дейді 3- курс студенті Жадыра Анарбекова.
Ал ұстаздар берілген жаңа мүмкіндікке дән риза. Әрі Жұмысшы жылына орай осындай қолдаулар көбейсе жастар қарапайым маман болудан қашпайтын еді, бірден біліктіліктерін арттырып, қалаған бағытында еркін еңбекке араласады деп отыр.
Ал балаларын жаңадан оқуға түсірген ата-аналар да мұндай наубайхананың ашылғанына дән риза.
«Әрине оқу орны мектептен енді келген балаларды осылай бар мүмкіндікпен қарсы алса бізге де жақсы. Баламыз толық қанды маман болып шығады деп қуанамыз. Әрі кей оқу орындары тәжірибеден өтетін орынды баланың өзіне іздетеді. Мынандай наубайханасы бар оқу орны студенттері үшін мұндай мәселе туындамайтыны өте жақсы жаңалық»,-дейді баласын колледжге түсірген ата-ана Зейнеп Нұрбайқызы.