Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

«Өлтіргеннен кейін асқан шығар»: әскерде қаза тапқан сарбаздың анасы ұлының суицид жасағанына сенбейді

«Өлтіргеннен кейін асқан шығар»: әскерде қаза тапқан сарбаздың анасы ұлының суицид жасағанына сенбейді
Сурет: Stan.kz
Алматы облысында әскерде қаза тапқан сарбаздың анасы ұлының өзі асылып қалғанына сенбейді.

17 қыркүйекте Алматы облысындағы әскери бөлімдердің бірінде 19 жастағы сарбаздың денесі табылды. Марқұмның ата-анасы ұлдарының денесін тану үшін өңірге барды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі stan.kz сайтына сілтеме жасап. 

Дінмұхаммед Шынарбек пен егізі Даниял 2006 жылы Шымкентте дүниеге келген. Дінмұхаммед ағасынан 20 минут кейін өмірге келген.

Әкесінің сөзінше, марқұм кішкентайынан еңбекқор, қолғабыс жасауға дайын бала болған.

“Ұлым әрқашан жанымнан табылатын. Қайда барсам да қасымнан шықпайтын. Тіпті кішкентайынан-ақ "Әке, көмектесейін бе?" деп сұрайтын. Ондай баланың өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін емес”, – дейді жүрегі қанжылаған әке. 

2024 жылдың күзінде әскерге алдымен Даниял барған. Артынша Дінмұхаммед те Отар гарнизонына аттанған. Алғашында бірге қызмет еткен ағайындыларды ант қабылдаған соң екіге бөлген. Дінмұхаммедті Мәтібұлақтағы 01 098 әскери бөліміне ауыстырған. Дәл сол жерде қайғылы оқиға болған. 

“Ол алғашқы алты айды ағасымен бірге өткізуді, кейін үйренген соң бөлек қызмет етуді қалаған еді. Бірақ оларды ажыратып жіберді. Қайғылы жағдай болғанда бізге біресе "Отарда", кейін "Кордайда", артынша "Алматыда" деді. Нақты жауап болмады. Ақырында: "Ұлыңыз асылып қалды" деген хабар жетті”, – дейді марқұмның әпкесі. 

Оның айтуынша, сараптама кезінде өлімнің себебі асфиксия, яғни тұншығу деп көрсетілген. Ішкі ағзаларында зақым болмаған, денесінде зорлық белгілері анықталмаған. Алайда отбасы өз-өзіне қол жұмсады деген нұсқаға сенбейді.

“Мүмкін, оны өлтіргеннен кейін асқан шығар”, – дейді әпкесі. 

Марқұмның анасы көз жасын әрең тежеп, ұлының туған күнін еске алды. 29 тамызда Дінмұхаммед 19 жасқа толған екен. 

“Бірнеше күн бұрын телефон соғып, "Отарда туған күнді атап өтейік, келші" деді. Бірақ бара алмадым. Бәлкім, бір нәрсені сезген шығар... Ол әскерге "Отанды қорғаймын" деп кетті. Бірақ Отан менің ұлымды қорғай алмады. Мен балаларымды сүйіспеншілікпен өсірдім, мектепке бердім, білім бердім. Өз қолыммен әскери комиссариатқа апардым. Тірі күйінде тапсырдым... Ал олар маған жауап ретінде, “Міне денесі, әкетіп, жерлеңіздер” деп айтты”, – дейді марқұмның анасы. 

 

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар