Президенттің Нью-Йорк қаласындағы кешегі жұмыс кестесі жоғары деңгейдегі мазмұнды кездесулерге толы болды
- автор kyn.kz
- 23 қыркүйек, 2025
- 48

Жүздесулерде қарастырылған мәселелер ауыл шаруашылығы, білім беру, спорт, инвестициядан бастап жасанды интеллектіге дейінгі көптеген бағытты қамтыды.
Елімізге миллиардтаған доллар инвестиция тарту жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді. Қазақстан мен АҚШ-тың ірі компаниялары арасында 11 келісім мен меморандумға қол қойылды. Көлік-логистика, энергетика және ақпараттық технологиялар сияқты стратегиялық тұрғыдан маңызды салаларды қамтитын құжаттарда ел экономикасына 5,2 миллиард доллар көлемінде инвестиция тарту көзделген.
Президент Американың ірі компанияларының басшыларымен келіссөз жүргізді.
Атап айтқанда:
– PepsiCo қоры директорлар кеңесінің төрағасы Стивен Кихомен кездесті. Әлемге әйгілі бренд Алматы облысында снэктер шығаратын зауыт құрылысына кірісті. Инвестиция көлемі – 368 миллион доллар;
– Amazon компаниясының вице-президенті Дэвид Запольскимен цифрландыру, байланыс және жасанды интеллект салаларындағы ынтымақтастықтың жай-жапсарын талқылады.
Amazon Kuiper компаниясы Алматы, Ақкөл және Ақтау қалаларында өзінің жердегі инфрақұрылымын жасақтауды көздейді. Жобаға 200 миллион долларға жуық инвестиция салу жоспарланған. Нәтижесінде еліміздің шалғай өңірлері жылдамдығы жоғары спутниктік интернетке қол жеткізеді.
– Meta вице-президенті Янн Лекунмен жасанды интеллектінің дамуы және қолданылуы жөнінде пікір алмасты;
– Cerberus Capital Management атқарушы директоры Фрэнком Бруномен инвестициялық мүмкіндіктер талқыланды.
– Сhevron корпорациясының директорлар кеңесінің төрағасы және бас атқарушы директоры Майкл Уиртпен кездесуде корпорацияның еліміздің экономикалық дамуына елеулі үлес қосқаны атап өтілді. Тәуелсіздік жылдары Сhevron Қазақстанға 55 миллиард доллар инвестиция құйды.
– Сондай-ақ ExonMobil компаниясының басқарма төрағасы және бас атқарушы директоры Даррен Вудспен;
– Әлемдегі ең ірі Blackstone инвестициялық компаниясының басқарма төрағасы Стивен Шварцманмен;
– Сitigroup компаниясының бас атқарушы директоры Джейн Фрейзермен;
– Embraer компаниясының президенті Франсиско Гомес Нетомен кездесулер өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-АҚШ бизнесінің ынтымақтастығын нығайту мақсатында дөңгелек үстел отырысына қатысты. Президент АҚШ-тың ірі корпорация басшыларымен ақпараттық технология, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика салаларындағы серіктестік мәселесін талқылады.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Президент Дональд Трамппен Қазақстан мен АҚШ арасындағы ынтымақтастық, экономика және сауда салаларындағы ықпалдастықты кеңейту мәселелерін талқылап, халықаралық ахуал жөнінде пікір алмасты.
Америка Президенті Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында Қазақстан Президентімен болған әңгімелесуді қорытындылап, қол қойылған келісімдердің маңызына тоқталды. Соның бірі – еліміз үшін жалпы құны 4 миллиард доллар болатын 300 локомотив өндірісі.
Содан соң Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясы аясында БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен, Украина Президенті Владимир Зеленскиймен, Черногория Президенті Яков Милатовичпен кездесті.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы АҚШ үкіметінің өкілдерімен, атап айтқанда, Сауда министрі Говард Латникпен, Сауда палатасының бас атқарушы директоры Сюзанн Кларкпен және АҚШ Президентінің Оңтүстік және Орталық Азиядағы арнаулы өкілі Серджио Гормен екі ел арасындағы байланыстарды пысықтады.
Ең соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық футбол федерациясының (ФИФА) президенті Джанни Инфантиноны қабылдап, отандық футболдың деңгейін көтеру үшін бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады.
Атап өтерлік жайт, бүгін БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясы аясындағы күн тәртібі де барынша мазмұнды әрі белсенді болмақ.