2026 жылдан бастап таксистер мен курьерлерге де салық салынады
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 13:30
- 35

Қазақстанда 2026 жылдан бастап өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнайы салық режимі күшіне енеді. Бұл туралы қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады, деп жазады KYN.KZ ақпарат агенттігі Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.
Жаңа ережеге сәйкес, интернет-платформалар арқылы қызмет көрсететін өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін салық пен әлеуметтік төлемдерді енді осы платформалардың өздері аударады. Демек, Яндекс Go, Glovo секілді сервистер орындаушылардың табысынан 4% ұстап қалып, бюджетке жіберіп отырады.
Ведомствоның мәліметінше, бұл жүйе салық төлеушілерді есеп-қисап жүргізуден, чек беруден және есеп тапсырудан босатады. Барлық процесс автоматтандырылмақ.
Мемлекеттік кірістер комитетінің арнайы салық режимдерін әкімшілендіру басқармасының басшысы Ерқанат Шынбергеннің айтуынша, жаңа жүйе қазіргіге қарағанда әлдеқайда жеңілдетілген:
«Қолданыстағы кодексте олар жеке кәсіпкер ретінде 3% төлейді немесе жалдамалы жұмысшы болса 10%, оған қоса әлеуметтік жарналар, зейнетақы аударымдары, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бар. Ал жаңа кодексте барлығы 4% ғана – әр бағытқа 1%-дан. Бұл ең төменгі мөлшерлеме және ашық жұмыс істеуге мүмкіндік береді», – деді ол.
Жобаға сәйкес, 2026 жылдан бастап:
- өзін-өзі жұмыспен қамтығандар табысының 4%-ын әлеуметтік төлемдерге аударады (1% – БЖЗҚ, 1% – Әлеуметтік сақтандыру қоры, 1% – әлеуметтік аударымдар, 1% – МӘМС);
- жалдамалы жұмыс күшін пайдалана алмайды;
- айлық табысы 300 АЕК-тен аспауы тиіс (2026 жылы шамамен 1,3 млн теңге);
- жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеуі керек.